Мұғалімдер біліктілікті арттыру тестін тапсыра алмады

10 Сәуір 2023, 15:42
1515
Бөлісу:
Мұғалімдер біліктілікті арттыру тестін тапсыра алмады
VIDEO
Фото: inbusiness.kz

Алматыда «Юстади» тестілеу орталығы өткізген емтиханда шу шықты, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Еліміздің әр өңірінен келген мұғалімдер ұлттық біліктілікті арттыру тестін тапсыра алмаған. 400-ден аса мұғалім екі сағаттан астам уақыттын орталықтың алдында өткізген. Ал тестілеу орталығының мамамандары техникалық жағдайларға байланысты тест сенбіге ауысқанын атап өтті.

Аталған жағдай Алматы қаласы Ұлттық тестілеу филиалының ғимаратында орын алған. Таңнан бері орталықтың алдын күзеткен мұғалімдер тестілеу орталығына арыз-шағымдарын жеткізді.

Бүгін әр өңірден жиналып, біліктілікті арттыру тестін тапсыруға келдік. Екі сағаттай орталық алдында тұруға мәжбүр болдық. Мұндағы қызметкерлер Астана қаласындағы база ашылмады, сол себептен тест тапсыру мүмкін болмайды деді. Шет жақтан келгендер қайта-қайта сабылмайтынын айтып жатыр. Оларды да түсінуге болады. Мына жерде ең болмаса отыратын жерде жоқ. Тік тұрып күтуге мәжбүр болдық, – дейді мұғалімдердің бірі.

Аталған жағдайға байланысты Оқу-ағарту министрлігіне хабарластық. Ведомствоның баспасөз қызметі келеңсіз жағдайдың туындауын  түсіндірді.

Серверде техникалық ақау болды. Бұл Алматыдағы аймақтық тестілеу орталығының кіреберісінде шу шығуына әкеп соқтырды. Бұл ретте тестілеу орталығы ағымдағы жылдың 15 сәуіріне тест тапсыру туралы мұғалімдерге жедел түрде хабарлаған. Қазіргі уақытта мекеменің техникалық қызметі ақауды жою жұмыстарын жүргізуде, – деп жауап берді Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.

Тестілеу орталығының мамандары мән-жайды түсіндіріп, тестің сенбіге, яғни 15-і сәуірге ауысу себебін айтты. Сондай-ақ, ұстаздарды сабырға шақырып, техникалық оқылықтың болуына түсіністікпен қарауын өтінді.

Тест тапсырушының үстінде камера тұрады, оны Астана қаласындағы тест орталығы бақылайды. Камераның істемей қалуына байланысты тест тапсыруға Астана қаласынан рұқсат берілмеді. Сол себептен емтихан сенбіге ауысты. Бүгін келген адамдардың барлығы тест тапсырады. Қайтадан тапсыра алмай қаламын деп қорудың керегі жоқ. Тек, тест тапсыру уақыты өзгерді. 15-і күні таңғы 9.00-ден бастап тест тапсыруға мүмкіндіктері бар, – дейді Ермек есімді «Юстади» тестілеу орталығының операторы.

Өзгелердің жаңалығы