Астана BAQ.KZ тілшісі. Бүгін ҚР ҰКП "Атамекен" орталығында өткен отырыста ұстаздар мәртебиесін қорғау және олардың жұмысын жеңілдету мақсатында қаралып жатқан жаңа заң жобасы талқыланды.
Отырыс барысында қазіргі уақытта мұғалім мәртебиесінің төмендеп кеткендігі, оларға ата-анадан бастап білім алушыларға дейін түрлі қысымдар көрсетіп келе жатқандығы сөз болды.
"Бұл заң Білім министрлігіне, кәсіподаққа немесе ата-анаға ғана емес, бүкіл Қазақстан xалқына керек заң. Себебі Елбасы мемлекет алдына үлкен мақсат қойып отыр. Ол дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылу. Алдыңғы қатардан көріну ушін мемлекеттің білім деңгейі мықты болу қажет. Ал, білім деңгейін көтеру біздің ұстаздарымыздың қолында. Оларға жақсы жағдай жасалу керек. Нұрсұлтан Әбішұлы 5 қазанда ұстаздардың мәртебесін арттыру туралы тапсырма берді. Ұстаздар мен xалыққа бұл жаңалық ұнады. Себебі көптен жұрттың көкейінде жүрген мәселе еді. Қазіргі таңда ата-аналар мен оқушылар ұстаздарды сыйламайтын болды. Ол аздай мұғалімдер ұстаздықтан бөлек жұмыстарға жиі жегіліп жатады. Мысалы еркінен тыс газет-журналдарды алуға міндеттейді, көше сыпырып, стадиондарды толтырып жүр. Бұл проблеманы көтергенде қолдаушы топ өте көп екені байқалды", - дейді Қазақстандық кәсіптік білім беру және ғылым саласының кәсіподақ төрайымы Майра Тұрғанова.
Сонымен қатар ол бүгінгі талқыға түскен мәселелерге тоқталды.
"Ұстаздардың еңбекақысы, үй жайы, әлеуметтік пакеті және қоғамның мұғалімдерге көзқарасы. Еңбекақыға тоқталсақ, мектепке дейінгі оқыту орталығындағы ұстаздардың айлығы 45 мың теңгеден басталады. Бұл өте аз көрсеткіш деп санаймын. Заңды күшіне енгізу үшін қаржылай және қоғамның көмегі керек. Біз өз тарапымыздан қаржы мәселесін шешуге тырысамыз. Біз қоғамға жаңа білім деңгейін енгізуді көздейміз. Сол үшін жаңа типтегі ұстаздарды дайындаумыз керек. Оның үстіне қарапайым xалықтың да көмегі керек " - дейді Майра Тұрғанова.
Заң ұсынысқа беріліп, қаралып жатыр.