Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев журналистердің сұрақтарына жауап беріп, білім беру саласындағы өзекті мәселелерді егжей-тегжейлі түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін министр журналистердің сұрағына жауап берді. Ол жекеменшік мектептерді қаржыландыру кешігіп жатыр деген пікірді жоққа шығарып, жаңа мектептер құрылысы мен ауылдық білім беру нысандарын жаңғырту барысын баяндады. Сондай-ақ мұғалімдердің жалақысы мен құқықтарының қорғалуына қатысты қабылданып жатқан шаралар туралы айтты. Сұқбат барысында саладағы заң бұзушылықтарды азайту, мемлекеттік қаражатты тиімді пайдалану және сапалы кадр даярлау мәселелері де сөз болды.
– Жекеменшік мектептерге берілетін қаржы неге кешіктіріліп жатыр?
– Жекеменшік мектептерге қаржыландыру кешігіп жатқан жоқ. Барлығына берілді. Қазір тек Қарағанды, Қызылорда, Атырау, Алматы өңірлерінде ғана жекеменшік мектептердің актіні өткізуіне қатысты кідірулер бар. Ал негізінен барлық мектептің, әсіресе ата-аналардан ешқандай ақы алмай жұмыс істеп жатқан мектептердің бірінші кезекте қаржыландырылуын жіті қадағалап отырмыз. Жекеменшік мектептердің дені ата-аналардан бір миллионнан аса қосымша ақы алады. Оларда қаржы проблемасы жоқ. Десе де, мемлекет өзіне алған міндеттемесін орындайды.
– Егер жекеменшік мектепте 200 бала болмаса, онда ол жабылады деген ақпарат рас па?
– Жабылу мәселесі – ол бөлек дүние. Негізі соңғы кезде қарап отырсақ, мемлекеттің қолдауының арқасында ешқандай инвестиция салмай, 20–30 бала жинап алып жұмыс істеп отырған мектептер бар. Бірақ негізгі идея – мектеп соғу, яғни инвестиция салып, мектептің инфрақұрылымын дамыту. Ал қазір байқап отырсақ, 60–70 пайызына инвестиция құйылмаған, мектеп соғылмаған, дайын ғимаратта білім мәселелерін ұйымдастырып, мектеп ашқан мекемелерді көріп отырмыз.
Ең бастысы – ата-аналарды алдамай, сапалы білім беру керек. Сапалы мұғалім қабылдау қажет. Сондықтан бұл жерде де тәртіпке келтіретін дүниелер бар. Мысал ретінде айтайын, 200 бала деген сөз – ол 8 сынып. Ал мектепте 1-ден 11-сыныпқа дейін болса, яғни бұл жерде «қанша бала бар, толық па, толық емес пе?» деген сұрақ туындайды. Сондықтан біз жекеменшік мектептермен мәселені пысықтап жатырмыз. Ол кісілердің ұсынысы – 200 бала. Әрине, 20–30 баламен ашылған мектептердің онымен келіспейтіні белгілі. Бірақ шешім әлі толық қабылданған жоқ. Осы бағытта қазір үлкен талқылау жүріп жатыр.
– Жекеменшік мектептерге қаржыны кешіктіріп беру – жауапкершілікті дұрыс атқармау емес пе? Қалай ойлайсыз?
– Қаржы кешіктіру мәселесінде бірінші кезекте бір мәселені түсіну керек. Бұрын 100 жекеменшік мектеп болатын. Мемлекет қолдау жасағаннан бастап 800-ден аса мектеп ашылды. Жекеменшік мектеп ашудың негізгі басты идеясы – инвестиция салып, мектепті соғу. Бірақ мектеп ешкім соғып жатқан жоқ. Соңғы кезде мектеп соғудан гөрі ыңғайлы ғимараттарда аша салу мәселесі көбейіп жатыр және көптеген шағымдар түсіп жатыр.
Оны өзіңіз де жақсы білесіз, жуырда бір мектеп ашылып, ата-аналардан ақша жинап, қашып кеткен жағдай болды. Сондықтан бұл салада да нақты жүйе, тәртіп қажет екені өзінен-өзі туындап отыр. Біз қазір жекеменшік мектептердің өкілдерімен кездесіп, осындай кемшіліктердің бәрін бірге талқылап, белгілі бір жүйе, бір ережені қабылдауды жоспарлап отырмыз. Ол бірінші қыркүйекке дейін қабылданады.
– Елімізде мектеп жетіспеушілігі проблемасы қалай шешіліп жатыр? Қандай тәуекелдер бар?
– Үш жыл бұрын үш ауысымды мектептер мәселесі ушығып тұрған еді. Қазір оның 90 пайызы шешілгенін айтуға болады. Қазір үш ауысымда жұмыс істейтін оннан аз мектеп қалды. Оның өзі ірі мегаполистерде орналасқан. Олар ұлттық жоба шеңберінде салынып жатыр. 200-ден аса мектептің құрылысы аяқталып, іске қосылғанда үш ауысымды мектептер мәселесі толығымен шешімін табады.
Екінші мәселе – оқушы орны тапшылығының жойылуы. Үшінші – апатты жағдайдағы ескі мектептердің мәселесін шешу. Ескі мектептердің мәселесіне байланысты Президент тапсырма берген болатын. 1300 мектепті қарап шықтық. Олар – ескі мектептер. Осы мектептердің 300-ге жуығының мәселесі биыл реновация арқылы шешіледі. 1000 мектепті соңғы үш жылда шешуді жоспарлап отырмыз.
Осылайша, биыл үш ауысымды мектеп мәселесін толық шешсек, бір ауысымдыққа қарай қозғалып жатырмыз. Биылдың өзінде жасалып жатқан мемлекеттік іс-шаралардың арқасында 3000 мектеп бір ауысымда оқып жатқанын атап өткім келеді. Салыстырма көрсеткіштерге қарасақ, үш ауысымды оқып жатқан мектеп – он шақты ғана, ал үш мың мектеп бір ауысымда оқиды. Бұл мемлекет тарапынан жасалып жатқан үлкен жұмыстардың нәтижесі.
Сонымен қатар біз ауыл мектептеріне қатты көңіл бөліп отырмыз. Жаңағы айтып отырған 1300 мектептің 900-і ауылда орналасқанын атап өткім келеді. Онымен қатар ауыл мектептеріндегі жиһаздар мен пәндік кабинеттерді сатып алу бағытында да үлкен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Соңғы кезде үш мың кабинет ауыл мектептеріне сатып алынды. Бұл жұмыс әрі қарай жалғасады.
– Газет-журналдарға міндетті жазылу мәселесі әлі бар екені жиі айтылып жүр. Бұл мәселені білесіз бе?
– Жалпы, бірінші кезекте сіздің сұрағыңыз өте орынды. Бұрынғы жылдары газет-журналдарға жазылу бағытында шектен шыққан жағдайлар болып, ұстаздарымызды керекті-керексіз басылымдарға жазылуға мәжбүрлеу көбейіп кеткен еді. Осыған байланысты мұғалімдердің мәртебесі туралы заңға өзгеріс енгізілді. Бұл – осындай шектен шыққан мәселелерді тоқтату үшін жасалған қадам.
Әр нәрсенің екі жағы бар ғой. Ұстаз – ағартушы. Мен, мысалы, сіздердің шығарып жүрген газет-журналдарыңызды күнде оқимын. Өйткені ағартушы ретінде жазылып жатқан дүниелерден хабардар болуым керек. Бұл жерде «ұстаз газетке жазылмауы тиіс» деген әңгіме жоқ. Өзінің кәсіби біліктілігін арттыруға қажет әдебиеттер мен басылымдарды оқу – бізге кәсіби қажеттілік. Сондықтан мен сіздің сұрағыңызды пайдалана отырып, әріптестеріме үнемі айтып жүремін: педагогтерді керексіз дүниелерге мәжбүрлемеу керек, ол заңмен қорғалады. Бірақ педагогтер өзіне пайдалы әдебиеттерді, басылымдарды жаздырып, оқуы – кәсіби шеберліктің көрсеткіші.
– Осы уақыт ішінде мұғалімдердің жалақысы мен олардың тапшылығы мәселесі шешіліп жатыр деп айта аласыз ба?
– Жалпы, мұғалімдердің айлығы екі еседен аса өскені – факт. Мұны мұғалімдердің өздері де айтып жүр. Екіншіден, мұғалімдердің құқықтарының сақталуына қатысты, осыдан төрт-бес жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда құқық бұзушылық бірнеше есе азайғанын атап өту керек. Қазіргі болып жатқан жағдайлар аракідік кездесіп қалады.
Жаңа ғана жауап бердім, бүкіл әкімдерді қайта жинап, педагогтердің мәртебесіне қатысты заңды қайтадан түсіндіріп айтып, ескертуді өзімнің министрлік міндетім деп санаймын. Тамыз айында осындай іс-шара өткізуді жоспарлап отырмыз. Қажет болса, сол заңдағы кейбір ережелерді шығарып, әкімдердің қолына тапсыру да ойда бар.
Құқықтық түсіндіру жұмыстары міндетті түрде керек. Мамандарға келсек, қазір біз Жоғары білім министрлігімен тығыз байланыста сапалы кадрлар дайындауға қатысты, санына емес, сапасына қарай қозғалып жатырмыз. Өйткені былтырдың өзінде 14 мың студент мектепке жұмысқа қабылданды. Қажеттілік сегіз мың болған. Соның негізінде бүгінде 35 жасқа дейінгі жас мұғалімдер жалпы педагогтердің 35 пайыздан астамын құрап отыр. Бұл – педагогикалық қауымдастықтың жасарып келе жатқанының көрсеткіші.
Ал зейнеткер жастағы тәжірибелі мұғалімдер де бар екенін білемін. Олардың саны жалпы 5 пайыздан төмен деңгейде. Ондай ұстаздарымыз оқушыларға тәжірибесін үйретіп, тәлімгер болуға дайын. Егер зейнет жасына келсе де, берері мол, шаршамаған ұстаздар болса, неге мүмкіндік бермеске? Дегенмен, кейбір мұғалімдер «55 жаста зейнетке шықсақ» деген де тілегін айтып жүр. Егер зейнет жасына жетсе, әрі қарай кете беруге де мүмкіндік бар. Бұл жерде әр жағдайға мұқият қарау маңызды деп есептеймін.
– Сіздер депутаттармен салыстырғанда апталап демалмайсыздар. Қалай ойлайсыз, министр ретінде көбірек демалуыңыз керек пе?
– Бұл сұрағыңызға келсек, әр адам белгілі бір миссияға келгенде не үшін келгенін түсінуі керек. Сондықтан жұмыс істеу қажет деп ойлаймын. Осы қызметке мен демалу үшін емес, бар күш-жігерімді осы саланы дамытуға арнау үшін келдім. Егер адам шаршаса, онда кетуі керек.
Демалу қажет шығар, бірақ 52 күн немесе екі ай демалу артық деп санаймын. Педагогтеріміз демалып жүр – бұл жақсы. Олар міндетті түрде тынығуы тиіс. Ал біз халықтың қызметшісі ретінде барынша көп еңбек етуіміз керек.
– Салада әлі де жемқорлық бар деген пікірлер көп айтылады. Бұл мәселеге қалай қарайсыз?
–Сіздер де жақсы білесіздер, 2023 жылы біз Агенттікпен (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі) бірге барлық білім ұйымдарын – министрліктен бастап, балабақшаларға дейін тексеруді күшейттік.
Осы шаралардың арқасында 2023 жылы білім беру жүйесінде 18 миллиард теңге көлемінде ұрлық анықталды. Бұл соңғы бес-алты жылдағы ең ауқымды тексеру болды. Ал 2024 жылы, маған берілген есеп бойынша, мұндай бұзушылықтар жеті есе азайды.
Бірақ біз бұған тоқтамаймыз. Өйткені ұрлықтан бөлек, әлі де ақша жинау, пара алу секілді мәселелер бар. Сондықтан осы бағыттағы жұмысты күшейту қажет.
Бұдан бөлек, енді тек мемлекеттік ұйымдарды ғана емес, мемлекеттік қаржы алатын жекеменшік ұйымдарды да тексеруді жоспарлап отырмыз. Мәселен, биыл алғаш рет мектепке дейінгі білім беру ұйымдары арасында бірыңғай тексеру жүргізгенде, тек екі облыстың өзінен 20 мың «өлі жандар» анықталды. Бұл шараның арқасында 20 миллиард теңге үнемделді.
Сондықтан мемлекет жеке меншік ұйымдарды қолдайтын болса, бөлінген қаржыға да бақылау күшейеді. Әрине, бұл бәріне ұнай қоймас. Кейбіреулер ренжуі мүмкін. Бірақ бізді ештеңе тоқтата алмайды.
Біздің мақсатымыз – мемлекеттік қаражаттың діттеген жеріне, яғни балаларға жетуі. Қазір жеке меншік ұйымдарға да тексеріс жоспарланып жатыр. Алайда тексеру жүргізу – тек министрліктің құзырындағы жұмыс емес. Бізде кең өкілеттік жоқ. Сондықтан басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп іске асырамыз.
Биылдан, дәлірек, қыркүйектен бастап немесе қыркүйекке дейін мемлекеттік қаржы алатын барлық жеке ұйымды тексеруді жоспарлап отырмыз. Бірақ министрліктің жазалау немесе айыппұл салу құқығы жоқ. Ол басқа органдардың құзыреті. Біздің міндетіміз – анықталған фактілерді тиісті органдарға жолдау.