Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиаланың сарапшылары тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберінде және МӘМС пакеті бойынша жеткізушілер көрсеткен қызметтердің сапасы мен көлеміне мониторинг жүргізуді жалғастыруда.
Осы жылдың 7 айында тұрғындарға медициналық көмек көрсету кезінде 17 887 кемшілік анықталып, медициналық ұйымдарға 123 млн теңгеден астам айыппұл салынды.
Тұрғындарға ТМККК және МӘМС пакеттері бойынша ұсынылған қызметтердің сапасы мен көлеміне мониторинг жүргізілгеннен кейін ғана, Қор жеткізушілеріне көрсеткен медициналық қызметтері үшін ақы төленетінін атап өткен жөн. Медициналық көмек көрсету стандарттары мен ережелерін, сондай-ақ клиникалық хаттамалардың ұсынымдарын сақтай отырып, іс жүзінде көрсетілген және құжатпен расталған қызметтерге ақы төленеді – дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалы директорының орынбасары Айнагүл Дәулетшина.
Анықталған кемшіліктердің көпшілігі жан басына шаққандағы нормативке кірмейтін, әрбір қызметке жеке төленетін консультациялық-диагностикалық қызметтерге байланысты.
Медициналық қызметтердің сапасын мониторингтеу бөлімінің сарапшылары жалпы құны 12 млн теңгеден асатын осындай 9 682 кемшілік анықтады. Сондай-ақ, амбулаториялық-емханалық көмек көрсету кезінде жіберілген 1 147 кемшілік, тәулік бойы жұмыс істейтін стационарларда медициналық көмек көрсету кезінде жіберілген 6 208 факт тіркелді. Ағымдағы жылдың 7 айында Қордың елордалық филиалының сарапшылары нақты көрсетілмеген (кешенді жан басына шаққандағы нормативтен тыс консультациялық-диагностикалық қызметтер) қызметтердің 850 дерегін анықтады, оларды ақпараттық жүйелерге пациенттер алған деп енгізген. Осындай жағдайлар бойынша анықталған бұрмалаушылықтар үшін медициналық ұйымдарға 1,7 млн теңге сомасында айыппұл салынды», - дейді Айнагүл Дәулетшина.
Түрлі мемлекеттік дерекқорлардағы деректерді біріктіру және IT құралдарын қолдану осы деректерді өңдеу мониторингінің сапасын айтарлықтай арттырады.
Бұл адами факторды азайтуға мүмкіндік береді. Қазір Қор әртүрлі ақпарат жүйелері мен регистрлердің деректерін бір алаңда интеграциялау арқылы ақпарат жүйелерінде медициналық қызметтердің сапасы мен көлемін толассыз мониторингтеу бойынша жұмыс жүргізуде. Бұл мониторинг процесін барынша автоматтандыруға мүмкіндік береді, - деп түсіндірді ӘМСҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының медициналық көмек көрсету сапасын мониторингтеу бөлімінің жетекшісі Сандуғаш Болысбекова.
Тұрғындар тарапынан қоғамдық бақылау, бір жағынан Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына бұрмалаушылықтарды анықтауға көмектеседі, екінші жағынан медициналық ұйымдарды тәртіпке келтіреді. Сондықтан азаматтарды мобильді қосымшаларда өз деректерін тексеруге және сәйкессіздіктер анықталған жағдайда Қордың елордалық филиалына хабарлауға шақырамыз. Сондай-ақ, 1406 телефонына немесе Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы арқылы хабарласуға болады.