Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Халықаралық байқаушылардың ақпараттық орталығында өткен брифингте бақылаушылар халық өз еркімен дауыс беруге келіп жатқанын айтты.
Бұл туралы Палестина Мемлекетінің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі, Қазақстанда тіркелген дипломатиялық корпустың Дуайен орынбасары, жоғары мәртебелі доктор Монтасыр Абузейд хабарлады.
Мен Қазақстанда Палестина Мемлекетінің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі ретінде қызмет етіп келе жатқаныма 6 жыл болды. Осы айдың соңында өз міндетімді дипломатиялық корпустағы басқа әріптесіме табыстаймын, - дейді дипломат.
Ол елімізде өтіп жатқан референдумның қазақстандықтар үшін маңызды оқиға екенін айтты.
Бүгін, 5 маусым – Қазақстан халқы үшін маңызды күн. Референдум өтіп жатыр. Бүгін халықаралық бақылаушы ретінде алғаш рет қатысып отырған жоқпын. Осыған дейін Президент және Парламент сайлауына да халықаралық бақылаушы ретінде қатысқан болатынмын. Бүгін бірқатар учаскеде болдық. Халықтың қалай дауыс беріп жатқанына куә болдық. Олар өз еркімен, ешқандай қысымсыз жақсы көңіл-күйде дауыс беріп жатыр. Сондай-ақ ешқандай құқық бұзғандарды байқаған жоқпыз, - деді Монтасыр Абузейд.
Халықаралық бақылаушы қазақ халқына өзінің ізгі тілегін жолдады.
Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев басшылық етіп отырған қазақ халқына табыс және жетістік тілеймін, - деп айтты ол.