Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Моншадан мектеп жасап, ақша алып отырғандар бар – министр

Олжас АДАЙ
Бүгiн, 16:11
159
Бөлісу:
 ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Үкімет отырысынан кейін өткен брифингте Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова заң бұзушылықтарға жол берген жекеменшік мектептердің лицензиясын алып қою мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрдің айтуынша, бүгінде елде 880-нен астам жекеменшік мектеп бар. Оның 785-і цифрландырудан өтіп, мемлекеттік тапсырыс алып отыр. Осы бағытта Оқу-ағарту министрлігі, Қаржы министрлігі және әкімдіктер бірлесіп пилоттық жоба іске асырған.

Бірқатар заң бұзушылықтарды анықтадық. Ең алдымен, біз жекеменшік мектептерге мұғалімдердің штаттық саны 90 пайызға жетуі тиіс деген талап қойдық. Алайда көптеген мектеп бұл талапты орындай алмады, – деді министр.

Сонымен қатар ол лицензия алу үшін жекеменшік мектептер жалпы білім берудің міндетті стандартын толық орындауы қажет екенін атап өтті.

Бұл бағытта да бірқатар бұзушылықтарды көріп отырмыз. 2026 жылдан бастап жекеменшік мектептерге қатысты постлицензиялық бақылауды Бас прокуратура мен жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады. Өздеріңізге мәлім, бұл мектептер лицензияны өңірлердегі білім сапасын қамтамасыз ету департаменттері арқылы алады, – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Министрдің сөзінше, қазіргі таңда жекеменшік мектептерге үш негізгі талап қойылып отыр. Олар – білім сапасы, мұғалімдердің біліктілігі және балалардың қауіпсіздігі. Осы талаптарға сай келген мектептердің лицензиясы сақталады, ал талаптарға сәйкес келмеген жағдайда лицензия кері қайтарылады.

Министрлік сапалы жекеменшік мектептерді сақтап қалуды мақсат етіп отыр.

Дегенмен кейбір жекеменшік мектептердің ғимаратты мақсатты нысаналы пайдаланбауына қатысты мәселелер де бар.

Кейбір мектептердің моншада, қоймада орналасқаны анықталды. Мұндай нысандарда 10 жылдан бері жекеменшік мектеп ретінде жұмыс істеп келген жағдайлар бар. Соңғы 5 жылда бұл мектептер мемлекеттік тапсырыс алып келген. Мұны салғырттық деп бағалаймыз, – деді министр.

Бұған дейін Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова "мектеп пәндері біріге ме?" деген сұраққа нүкте қойған еді.

Өзгелердің жаңалығы