Монополиялық жағдайын теріс пайдаланған «ҚазГӨЗ-ге» 28 млн теңге айыппұл салынды

24 Мамыр 2023, 18:18
568
Бөлісу:
Монополиялық жағдайын теріс пайдаланған «ҚазГӨЗ-ге» 28 млн теңге айыппұл салынды
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша аумақтық департаментінің басшысы Бауыржан Есенов Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында есеп беру кездесуін өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

2022 жылы 103 нарық субъектісіне қатысты 8 тергеп-тексеру тағайындалды.

Оның ішінде 3 тергеп-тексеру картельдік келісім белгілері бойынша 98 нарық субъектісіне қатысты жүргізілді.

Нәтижесінде 60-тан астам нарық субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 36 миллион теңгеден астам монополиялық табысы тәркіленді және 2,5 миллион теңгеден астам мөлшерде айыппұл салынды.

Одан бөлек «ҚазГӨЗ» ЖШС өзінің монополиялық жағдайын теріс пайдалана отырып, сұйытылған мұнай газын өткізу барысында оның көлемдерiн негiзсiз қысқартуға жол бергені анықталды. Бұл дерек бойынша Департаментпен әкімшілік хаттама толтырылып, сот шешімдерімен 28 миллион теңгеге жуық айыппұл салынды, - деді Бауыржан Есенов.

Департамент 2022 жылы 36 тауар нарығына талдау жүргізді.

Осы кезеңде нарық субъектісінің әрекеттерінде (әрекетсіздігінде) Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылық белгілерінің болуы туралы 92 хабарлама түріндегі ден қою актісі енгізілді.

Оның ішінде, 42% мектепке дейінгі білім беру саласындағы, 32% медицина саласындағы нарық субъектілерінің әрекеттеріне қатысты енгізілді. Яғни, медицина ұйымдары тиісті талдау түрлерін (скрининг, жатыр мойны обыры) мемлекеттік үлесі бар бір ғана ұйымға - Облыстық перениталдық орталығына жолдап отырса, мектепке дейінгі ұйымдар қосымша талаптар жүктеп отырған. Нәтижесімен, бұзушылықтар жойылып, медицина ұйымдары жолдамаларды тең бөліп отыруға міндеттенді, - деп толықтырды Бауыржан Есенов.

Департамент СМГ-на бекітілген шекті бағадан асырып сату фактісі және өзге бұзушылықтар бойынша 39 нұсқама түріндегі ден қою актісі қабылданды.

Сондай-ақ «Маңғыстау Жарық» ЖШС-нің әлеуметтік желідегі электр энергиясына төлемдерді тек қана «Halyk» банкі арқылы қабылдау туралы жариялымына байланысты, аталған әрекеттердің бәсекелестікті шектейтіндігі туралы алдын ала ескерту жолданды.

Өткен жылдың басынан бастап 12 Кедергілер жөніндегі кеңес отырысы өткізіліп, кеңесте қаралған 7 тауар нарығында (битум, СМР, ӘМАТ сату орындарын жалға беру, қоғамдық көлік, кеме айлағын ұсыну) кедергілер жойылды.

Мысалы, «Қаражанбасмұнай» АҚ-на жол мұнай битумын тек бір ғана мекемеге өткізуіне байланысты хабарлама енгізіліп, нәтижесінде сатып алушыларға көтерме өткізушіден ыңғайлы талаптармен тікелей алуға жағдай жасалды.

Сондай-ақ «Яхт клуб «Бриз» ҚБ-не шағын кемелердің тұрағы үшін әртүрлі бағаларды қолдану және кеме иелері мен тұтынушылар арасындағы құқықтық қатынастарға араласып, кәсіпкерлерге жолаушыларды отырғызуға тыйым салу белгілері бойынша хабарлама жолданып, нәтижесімен аталған құқық бұзушылықтар жойылды.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына 10% мөлшерден аспайтын үстеме ақыны ұстап тұру және заңнаманы қатаң сақтау бойынша 21 нарық субъектісімен монополияға қарсы комплаенс жасақталды.

Жалпы Монополияға қарсы органмен ӘМАТ нарығы бойынша бірқатар талдау жұмыстары жүргізілді, нәтижелерімен олардың үстеме мөлшері асырылған сауда объектілеріне қатысты материалдар шара қабылдау үшін тиісті әкімдіктерге жолданып келді.

2022 жылы Департамент акцияларының елу пайыздан астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғалардың жүзеге асыратын қызмет түрлерін құру, кеңейту және өзгертуі бойынша келісім беруге байланысты 8 өтінішхат қаралды.

Қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес, мемлекеттік кәсіпорындар белгілі бір қызмет түрін көрсетуден алдын монополияға қарсы органның келісімін алуы тиіс. Аталған бағытта Департамент 5 мемлекеттік кәсіпорынның көрсетілетін қызметтеріне мониторинг жүргізілді.

Нәтижесінде «Өзенэнергосервис», «Маңғыстауэнерго» мемлекеттік кәсіпорындарына, монополияға қарсы органның келісімінсіз белгілі бір қызмет түрлерін көрсету фактілері бойынша нұсқама жолданып, аталған қызмет түрлері мемлекеттік кәсіпорындар Жарғысынан алынды.

2022 жылы «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» ҚР Кодексінің 159 және 162 баптарына сәйкес, 75 әкімшілік іс қозғалды.

Мысалы, «КазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның Маңғыстау өндірістік филиалына қатысты, монополиялық жағдайын теріс пайдаланып, құрылыс-монтаждау жұмыстарының көлемін бір ғана субъектіге (TOO Gaskurylys) беріп отырғаны үшін әкімшілік хаттама толтырылып, сот органдарының шешімдерімен 6 миллионнан теңгеден астам айыппұл салынды, - деді Бауыржан Есенов.

Сот процестерінде монополияға қарсы органның қызметіне қатысты 87 іс қаралып, оның ішінде 92%-ы (80 іс) Департамент пайдасына шешілді.

Департаментке 160 заңды және жеке тұлғадан жолданымы келіп түсті. Оның ішінде 95 жолданым Департаментпен қаралып, 65 жолданым Агенттік құзыретіне кірмейтін мәселе болған соң өзге уәкілетті органдарға жолданды.

2023 жылдың басынан бастап 2 нұсқама және 34 хабарлама түріндегі монополияға қарсы ден қою актісі енгізілді.

Мысалы, кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау аясында жаңа бизнес-идеяларға мемлекеттік грант бөлу кезінде, Комиссия тарапынан мәні бірдей жобаларға әртүрлі грант бөлу немесе кәсіпкерлермен сұратылған грант сомасының көлемін қысқартуға қатысты, Маңғыстау облысы кәсіпкерлік және сауда басқармасына хабарлама енгізілді.

Сонымен қатар қазіргі уақытта картельдік келісімдер және монополиялық жағдайын теріс пайдалану бойынша 3 тергеп-тексеру жүргізілуде. Мәліметтер тергеу мүдделеріне байланысты аяқталғанға дейін жариялануға жатпайды.

Жыл басынан бастап, 6 тауар нарығына талдау жүргізілді. Кедергілер Кеңесінің 3 отырысы өткізіліп, кеңесте қаралған жатыр мойын обыры лабораториялық қызметі нарығындағы кедергілер жойылды.

ҚР Президентінің экономиканы монополиядан арылту саясатының аясында, алдағы уақытта ірі монополисттер қызметіне аса мән берілу, сондай-ақ экономикада мемлекеттің қатысуын азайту шеңберінде және бәсекелес ортаға беру мақсатында мемлекет үлесі бар ұйымдарды қысқарту бағытында жұмыс жүргізілуі жоспарланып отыр.

Өзгелердің жаңалығы