Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Моңғолия астанасы Ұланбатыр қаласындағы «Elite» халықаралық мектебінде қазақтың әйгілі ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған «Ұлы даланың ұлы Абайы» атты тақырыпта ашық сабақ өтті.
Іс-шараға Қазақстан Елшісі Жалғас Әділбаев, Абайдың «Қара сөздерін» моңғол тіліне аударған автор Сұлтан Тәукейұлы, сондай-ақ мектептің 2-9 сынып оқушылары қатысты.
Бұл іс-шараның мақсаты – қазақ халқының ұлы перзентінің шығармашылығын кеңінен насихаттау, балаларды Абайдың лирикалық өлеңдерімен таныстыру және көркем әдебиетке деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу.
Іс-шара басында Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылық жолы туралы қысқа бейнефильм көрсетілді. Сондай-ақ, мектеп оқушылары ақынның өлеңдерін қазақ тілінде оқып, оның музыкалық шығармаларын орындады.
Сонымен қатар, Абайдың «Қара сөздері» аудармасының авторы С.Тәукейұлы мектеп оқушыларымен әңгіме барысында Абайдың қазақ халқының мәдениетінде ерекше орын алатын тұлға екенін баса айтты. Дара тұлғаның кейінгі ұрпаққа қалдырған мұрасының құндылығын жеткізді.
Өз кезегінде, Ж.Әділбаев Абайдың шығармашылығы мен дүниетанымын кеңінен насихаттау мақсатында осындай бірлескен іс-шаралар өткізудің өзектілігін атап өтті.
Іс-шара соңында мектетің кітапхана қорына Қазақстан Елшілігінің атынан моңғол тіліндегі Абайдың «Қара сөздері» кітаптары сыйға тартылды.