Елімізде мобильді аударымдар арқылы төлем жасау – күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналды. Алайда, биыл бұл салада қадағалау қатаңдай түсіп, жаңа ережелер енгізілуі мүмкін. Бұл жаңалық кәсіпкерлер мен қарапайым пайдаланушыларға қалай әсер етеді? BAQ.KZ тілшісі Мемлекеттік кірістер комитеті жеке тұлғалардың кірістерін әкімшілендіру басқармасынан сұрап білді.
Мобильді аударымдағы қатысты қазіргі талап қандай?
Азаматқа ай сайын 100 немесе одан көп тұлғадан 3 ай қатарынан мобильді аударым жасалса, сонда ғана тұлға екінші деңгейлі банктің назарына ілінеді.
Мемлекеттік кірістер комитеті Жеке тұлғалардың кірістерін әкімшілендіру басқармасының басшысы Дина Құсайынова мобильді аударым кезінде сома емес, санның маңызды екенін айтады.
Егер әр адамнан 1 теңгеден аударым түссе, мұнда сома маңызды емес, бастысы – адамдар саны. 50 адам 1 теңгеден жіберсе, бұл 50 мобильді аударым. Егер осылай 100-ден астам адам үш ай қатарынан аударым жасайтын болса, бұл бақылауға алынады. Мобильді аударымды жеке мақсатта пайдаланатындар, яғни туыстарына, жақындарына, балаларына ақша аударатындарға бақылау жасалмайды. Өйткені оны оңай дәлелдеп алуға болады. Мәселен, анасы күнде баласына ақша жіберуі мүмкін, ол күніне 10 рет аударым жасауы мүмкін, бірақ бұл тек 1 адам, бір ғана жеке тұлға жіберуші болып есептеледі. Мұндай жағдайда бақыланбайды, - деді комитет өкілі.
Бақылауға алынатындар – бизнес-шоттарды қолданбайтын кәсіпкерлер
Сіз дүкенге барғанда, сізден QR-код немесе картамен емес, аударым арқылы төлеуді сұрап жатады. Кәсіпкерлер көбіне табыстарын төмендетіп көрсету арқылы шығындарын оңтайландыруға тырысады, – дейді Дина Құсайынова.
Құсайынованың сөзінше, соңғы уақытта кәсіпкерлер салықтан жалтару мақсатында мобильді аударымдарды көп пайдаланып кетті. Сол себепті мобильді аударымдарды бақылау жүзеге асырылып жатыр.
Егер сіз тұтынушы ретінде қандай да зат сатып алсаңыз, сіз оны үш түрлі төлеммен сатып ала аласыз. Ол - қолма-қол ақша және банк есеп шоттары(еск - каспи QR) арқылы. Егер сатушы банк шоттары арқылы төлеуден бас тартатын болса, ол заңсыз әрекет болып саналады. Сіз бірден бірден кірістер департаментіне шағымдана аласыз. Мұндай заңбұзушылық кезінде кәсіпкерге бірінші ескерту беріледі, кейін бұл әрекеті қайталанса оған 30 айлық есептік көрсеткіш көлеміне дейін айыппұл салынады, - деді комитет басшысы.
Кәсіпкер ретінде тіркелмей кәсіппен айналысқан азаматтар алғашқы бұзушылық үшін 15 АЕК (58 980 теңге) көлемінде айыппұл арқалайды. Қайталанған жағдайда – 30 АЕК (117 960 теңге).
Қаржы министрлігі Ұлттық банкке ұсыныс берген. Ол бойынша мобильді аударым кезінде бақыланатын шекті сома 255 мың теңге деп белгіленген. Жеке тұлғалардың кірістерін әкімшілендіру басқармасының бас сарапшысы Ерсайын Көптілеуұлы бұл ұсынысты былай түсіндірді:
Халық арасында "мобильді аударым 255 мыңнан асса, бақылауға алынады" деген сөз тарап жүр. Бұл жағдайда азамат ай сайын 100 немесе одан көп тұлғадан 3 ай қатарынан мобильді аударым қабылдаса және олардың жалпы сомасы 255 мыңнан асса ғана назарға ілінеді. Бұл өте аз сомаларды бақылаудан алу мақсатында жасалып отыр. Бірақ қазіргі таңда бұл норма күшіне енген жоқ, Ұлттық банкпен келісу сатысында тұр. Яғни енді қарастырылмақ, - деді бас сарапшы.
Ол салық режимінің арқасында такси жүргізушілері тек 1 пайыз салық төлейтінін жеткізді.
Такси қызметін пайдаланушылар көп жағдайда "Яндекс" немесе "Индрайвер" қосымшаларын пайдаланады. Онда Кірістер комитетінің бастауымен салық режимі ашылған. Ол бойынша азаматтар тек 1 пайыз салық төлейді. Соның ішіне зейнетақы жарнасы мен медицинадық сақтандыруы кіреді. Сондықтан бұл такси жүргізушілеріне таптырмас мүмкіндік деп ойлаймын, - дейді Көптілеуұлы.
Қайырымдылыққа жиналған ақшадан салық алына ма?
Ерсайын Көптілеуұлы садақа мен қайырылымдылық шаралары кәсіпкерлікке жатпайтынын айтады. Сондықтан ем шараларына ақша жинаған тұлғалар оны растауы керек.
Мобильді аударымдар арқылы садақа, қайырымдылық және ем-шараларына қаражат жинап жатады. Бұл - кәсіпкерлік мақсатта жиналып жатқан қаражат емес. Демек ол салықтандыруға жатпайды, тек кәсіпкерлік мақсаттағы аударымдар жатады. Емге жинап жатса, оны құжаттар арқылы растай алуы керек. Оларға хабарлама жолданса, ол тұлғалар құжат бойынша әрекеттерін растауы керек. Олардан жеке табыс салығы алынбайды. Хабарлама салық төлеушінің кабинетіне барады. Ол жерде түсінік беру деген батырма бар. Сол жерге құжаттарын жолдайды, - дейді Ерсайын Көптілеуұлы.
2025 жылы декларацияны кімдер тапсырады?
250-ші нысан бойынша активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны тек шетелде мүлкі бар және жеке практикамен айналысатын адамдар, оның ішінде адвокаттар мен жеке сот орындаушылары тапсырады.
Сонымен қатар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң талаптарына сәйкес бізде сайланған кандидаттар бар. Яғни депуаттар мен мемлекеттік қызметке тұрғалы жатқан азаматтар да декларация тапсыруға міндетті. Сонымен қатар декларация банктердің, бағалы қағаздар нарығының, сақтандыру ұйымдарының ірі қатысушылары болғысы келетін жеке тұлғалар үшін де сақталады.
"Шетелдегі мүлік" терминіне не кіреді?
Егер шетелде тізімдегі мүліктеріңіз болса, төменде көрсетілген 250-ші активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны тапсыруыңыз керек:
- Жылжымайтын мүлік көлік;
- Егер шетелдегі банк шоттарында 1000 айлық көрсеткіштен асып кететін қаражат;
- Инвестициялық бағалы металдар;
- Тұрғын үй құрылысына үлес;
- Брокерлік шотта қаражат;
- Девиторлық және кредиторлық берешек.