2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап мобильді аударымдар бойынша жаңа талаптар күшіне енеді. Бұл өзгерістер жаңа Салық кодексіне енгізілген. Сонымен 2026 жылдан бастап мобильді аударымдарға қатысты не өзгереді? Мемлекеттік кірістер комитеті BAQ.KZ тілшісінің осы нормаларға қатысты жолдаған сауалына егжей-тегжейлі жауап берді.
Банк қандай ақпаратты салық органдарына береді?
Салық кодексінің нормаларына сәйкес, банктер енді жеке тұлғалардың кәсіпкерлік қызметтен табыс алуға ұқсас операциялары байқалған шоттары туралы мәліметтерді Мемлекеттік кірістер органдарына беруге міндетті.
Мұндай операцияларды анықтау тәртібін және берілетін ақпараттың тізбесін уәкілетті орган Ұлттық банкпен келісіп бекітеді.
Осы нормаларды іске асыру үшін 2025 жылғы 12 қарашада ҚР Қаржы министрінің №698 бұйрығы қабылданды. Бұйрықта:
- банктерден мемлекеттік кірістер органына берілетін мәліметтердің тізбесі;
- кәсіпкерлікке ұқсас ақша қозғалысын анықтау өлшемшарттары;
- ақпарат беру тәртібі мен мерзімдері толық айқындалған.
Кәсіпкерлікке ұқсас операция деп нені айтады?
Егер жеке тұлғаның шотындағы операция төмендегі екі шартқа бір уақытта сәйкес келсе, ол кәсіпкерлік қызметтен түскен табыс белгісі болып есептеледі:
- 3 ай ішінде 100 және одан көп әртүрлі жеке тұлғадан ақша түсуі;
- Түскен қаражаттың жалпы сомасы ең төменгі жалақының (ЕТЖ) 12 еселенген мөлшерінен асуы.
2026 жылғы есеп бойынша бұл сома – 1 020 000 теңге.
Бұл талаптар кәсіпкерлікке арналмаған жеке банктік шоттарға қатысты қолданылады.
Мысал:
Егер азамат өзінің жеке шотына мобильді аударым арқылы:
- Наурызда – 100 немесе одан көп адамнан;
- Сәуірде – 100 немесе одан көп адамнан;
- Мамырда – 100 немесе одан көп адамнан
және жалпы сомасы 1 020 000 теңгеден асатын ақша алса, оның мәліметтері банктер арқылы Мемлекеттік кірістер органдарына жіберіледі.
Осыдан кейін не болады?
Банктер мәлімет жібергеннен кейін, кірістер органдары камералдық бақылау жүргізеді. Егер сәйкессіздік табылса, азаматқа тиісті хабарлама жолданады.
Азамат хабарлама алған кезде екі нұсқа болады:
Келіссе:
- тиісті салық кезеңі үшін қажетті салықтық есептілікті тапсырады.
Келіспесе:
- түсініктеме жібереді және келіспеу себептерін растайтын құжаттарды ұсынады.
Түсініктеме ішінде мынадай ақпарат болуы тиіс:
- салық төлеушінің және салық органының деректері;
- хабарламаның күні мен нөмірі;
- келіспеу себептері;
- қолтаңба және күні;
- дәлел құжаттардың тізімі (бар болса).
Егер хабарламадағы кейбір дерекпен келіссе, ал кейбірімен келіспесе – онда азамат сол бөлігін түзетіп, қалғанына түсінік беруі қажет.
Сонымен кім бақылауға ілінеді?
Бұл бақылау кез келген азаматқа қатысты жүргізіледі, егер оның шотында жоғарыда көрсетілген өлшемшартқа сәйкес операциялар анықталса.
Яғни, мобильді аударымдарды бақылау тек белгілі бір тұлғаларға ғана емес, кәсіпкерлікке ұқсас табыс алатын барлық жеке тұлғаға қатысты болды.