ММА. Әзірге әлем чемпионатынан 12 қола ұттық

28 Қаңтар 2022, 17:04
2381
Бөлісу:
ММА. Әзірге әлем чемпионатынан 12 қола ұттық

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 24-29 қаңтар аралығында Абу-Дабиде ММА бойынша өтіп жатқан әлем чемпионатында жартылай финалдық белдесулерді еліміз құрамасының 22 спортшысы өткізді. Бұл туралы Қазақстанның біріккен ММА федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.

Жартылай финалдың қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының қоржынында 12 қола медаль бар, ал жекпе-жекте жеңіске жеткен 11 балуан финалға шығып, жоғары жүлде үшін таласатын болады.

Жастар арасында 47,6 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Аяулым Ұлан (Алматы облысы) мексикалық Валерия Гоместен төрешілердің бөлек шешімімен жеңіліп қалды.

52,2 келіге дейінгі салмақта Алтынай Мергенбай (Шымкент қ.) швециялық Джозефина Модигтен төрешілердің бөлек шешімімен жеңіліп қалды.

Екінші жартылай финалдық кездесуде 61,2 келі салмақта екі қазақстандық Назерке Исабек (Шымкент қ.) пен Гүлмира Азатбек (Ақтөбе облысы) кездесті. Исабек техникалық нокаутпен жеңіп, чемпионаттың финалына өтті.

Жастар арасында 56,7 келі салмақта жартылай финалдық кездесуде тағы екі қазақстандық кездесті. Карина Сисенова (БҚО) Динара Аяпованы (Ақтөбе облысы) «Анаконда» қылқындыру әдісімен жеңді.

65,8 келіге дейінгі салмақта екі спортшы да қарсыластарынан мерзімінен бұрын жеңіліп қалды. Жансая Ермағамбетова (Алматы облысы) қолына ауырту әдісіне түсіп, норвегиялық Сесилия Боландерден жеңіліп қалды. Жанар Дегенбай (Шымкент) ресейлік Алена Агишевадан қылқындыру әдісімен жеңіліп қалды.

70,3 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Айжан Әбдіқадыр (Жамбыл облысы) үш раундтың қорытындысы бойынша Жаңа Зеландиялық Мэл Вебстерден ұпай саны бойынша сөзсіз жеңіске жетті.

Жастар арасында 52,2 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен қазақстандық Ерсұлтан Шәкенбай (Нұр-Сұлтан қ.) тартысты жекпе-жекте төрешілердің бөлек шешімімен тәжікстандық Екубжон Сафаровты жеңді.

Ересектер арасында бір салмақ дәрежесінде әлемнің екі дүркін чемпионы Бағдат Жұбаныш (Ақтөбе облысы) мен Ерұлан Қабдулов (Атырау облысы) кездесті. Төрешілердің шешімімен Жұбаныш жеңіске жетті.

Жастар арасында 65,8 келіге дейінгі салмақта Самғат Шабдан (БҚО) ресейлік Джамалутдин Гусейновтан төрешілердің шешімімен ұтылды.

56,7 келіге дейінгі салмақта Дастан Жақыпбеков (Алматы облысы) төрешулердің бөлек шешіммен испаниялық Рафаэль Кальдерон Корияны жеңді.

70,3 келіге дейінгі салмақта Еркін Бегенов төрешілердің шешімімен тәжікстандық файтер Бехруз Хуршедзодадан жеңіліп қалды.

Дәл осы салмақта Неймат Асадов (Атырау облысы) төрешілердің шешімімен бахрейндік Құрбан Ыдырысовқа есе жіберді.

77,1 келіге дейінгі салмақта Богдан Пшебельский (Ақмола облысы) тәжікстандық Джовиджон Махмудовтан дәрігердің тоқтатуымен ұтылды.

Жастар арасында 83,9 келіге дейінгі орташа салмақта Әліби Пернебек (Алматы) төрешілердің шешімімен қырғызстандық Бектұр Әсілбековты жеңді.

Жастар арасында 120,2 келіден жоғары салмақта өнер көрсеткен Дәулет Молдаш (Алматы) украиналық Микита Цыбулиядан бірінші раундта нокаутпен ұтылды.

Ал ересектер арасында дәл осындай салмақта Расул Хатаев (Павлодар облысы) өзбекстандық файтер Ихтиёр Халмуродовты ауырту әдісімен ұтты.

Бекзат Жасия (Шымкент) пен Нұрәділ Қайырбергенұлы (БҚО) қарсыластарында COVID-19 сынамасы оң нәтиже бергендіктен, финалға автоматты түрде жолдама алды.

18-21 жасөспірімдер арасындағы финалдық кездесулер бүгін, 28 қаңтарда, ал ересектер арасындағы финалдық кездесулер 29 қаңтарда өтеді.

Еске салайық, Қазақстан атынан 29 салмақ дәрежесі бойынша 42 спортшы қатысуда.

Өзгелердің жаңалығы