Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 42 500 теңгені аудару үшін есепшоты жоқ азаматтарға банктен шот ашуға бір ай уақыт берілетін болды. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты.
Өтінішті берген кезде, ақшаны аудару үшін есепшот көрсету қажет. Біраз азаматта мұндай есепшот жоқ болып шықты, өмірінде ешқашан ашпаған. Сондықтан олар өтініш толтырғанда, үлгермей қалатын болдық деп шот ашу үшін банктерге жүгіріп жатыр. Осыған байланысты банктер де наразылық білдіріп жатқан көрінеді, - дейді министр.Ол осы ретте бір-екі күнде ойластырып, өзгеріс енгізетінін айтты.
Сіз өтініш берген кезде банкте шотыңыз болмаса, шотты көрсететін жерге ештеңе жазбайсыз. Астында ескерту тұрады. Біз өтінішіңізді қабылдаймыз. Сіз бәріне сай келіп тұрсыз. 42 500 теңгені тағайындаймыз. Сіз шотты бергенше бір айға дейін күтеміз. Шотыңызды алған соң тағайындалған төлемді аударамыз. Мүмкіндік болса, өтінішіңізді беріп қойып сосын асықпай есепшотыңызды алуға болатын жағдайды қазір қарастырып жатырмыз. Бір-екі күнде сондай шешімді порталдарға енгіземіз. Бірақ біз есепшотыңызды бергенше күтеміз, - деді Біржан Нұрымбетов.
Сондай-ақ, ведомство басшысы банктерге үндеу жасады.
Өз кезегінде, мен бүкіл банкке үндеу жасағым келіп отыр. Қазіргі осындай қиын кезеңде біз секілді "бір терезеден" халықтың өтінішін қашықтан қабылдап, олардың мәліметтерін алып, есепшотын сырттай енгізіп, карталарын әзірлеп, үйіне жеткізіп беру әрекеттерін жасауға болады. Соған мен шақырамын. Қазір Қазпошта, Халық банк те сонымен айналысып жатыр. Басқа банктерді де осы бізбен бірлесіп, халыққа көмектесіп, осындай әрекет жасауға шақырамын, - деді министр.Бұған дейін хабарлағанымыздай, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов 42 500 теңге көлеміндегі жәрдемақыны декретте отырған әйелдер қалай алатынын айтты.