Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мүгедектігі бар адамдар тұрақты тұратын немесе қызмет алатын медициналық-әлеуметтік мекемелердің қызметін регламенттейтін бірқатар бұйрыққа өзгерістер енгізілді.
Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов мәлімдеді.
Барлық МӘМ-де бейнебақылау камераларын орнату қарастырылған. Камералар ұйымға іргелес жатқан аумақтың периметрі бойынша, негізгі және қосалқы кіреберістердің жанында, сондай-ақ үй-жайлар мен жалпы пайдалану кабинеттерінде орнатылады. МӘМ-дегі туыстары мен жақын адамдарының жазбаларды көруге рұқсаты болады, - дейді министр.
Ведомство басшысының айтуынша, медициналық-әлеуметтік мекемелердің директорларын тағайындау кезінде оларға қойылатын біліктілік талаптары қайта қаралды. Бұл азаматтармен жұмыс істеуде тәжірибесі мол қоғамдық бірлестіктердің, үкіметтік емес және басқа да ұйымдардың басшыларын тарту арқылы өңірлердегі кадрлық дағдарыс проблемасын шешуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ МӘМ-нің материалдық-техникалық қамтамасыз ету нормативтері де жақсарған.
Ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу рәсімдері мен мерзімдерін оңтайландыру мақсатында Еңбекмині мүгедектікті сырттай белгілеуді енгізу бойынша жұмыс жүргізуде. Бұл келешекте мүгедектігі бар адамдардың инстанциялар бойынша жүруін және көрсетілетін қызметті берушімен тікелей байланысын болдырмауға мүмкіндік береді, - деп атап өтті ол.