Министрлік қызметкерлеріне жұдырық ала жүгірген әйелдер айыппұл арқалады

24 Шілде 2021, 19:08
4444
Бөлісу:
Министрлік қызметкерлеріне жұдырық ала жүгірген әйелдер айыппұл арқалады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Құқыққа қайшы әрекетке барып, бұзақылық жасағаны үшін алты әйел әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Бұл туралы zakon.kz хабарлады.

19 шілдеде өткізу режимінің ережелеріне қарамастан бір топ әйел агрессия танытып, Министрліктер үйіне баса көктеп кірмек болды. Олар былапыт сөздер айтып, ерсі қылық көрсетіп, полиция қызметкерлеріне күш қолданып, қолдарымен және аяқтарымен тепті. Бұдан бөлек постта тұрғандарға және Денсаулық сақтау министрлігінің қызметкерлеріне су шашты. Министрліктің жауапты қызметкерлері сөйлесуге, олардың проблемасын түсінуге тырысып, шешімін табуға көмектеспек болды. Дегенмен әйелдер олардың киіміне жармасып, былапыт сөздер айтып, жұдырық ала жүгірді. Бұндай іс-әрекет қоғамның тәртібіне қарсы және заң бойынша заң бұзушыларға қатысты әкімшіліктен бастап қылмыстық жауапкершілікке тартылады, - деді Нұр-Сұлтан қаласы ПД баспасөз қызметі.

Министрлік қызметкерлеріне шабуыл жасаған әйелдердің әрқайсысы 25 АЕК көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеледі. 

Еске салсақ, 19 шілдеде Денсаулық сақтау министрлігінің шенеуніктері мен вакцинаға қарсы әйелдердің кездесуінде келеңсіз оқиға болды. Бір топ әйел Министрліктер үйіне келіп, вакцинацияны алып тастауды талап етті. Олардың кейбірі ведомство өкілдеріне сес көрсетіп, айқайлап, жұдырық ала жүгірген.

Бұған дейін санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев шабуылға қатысты түсініктеме беріп өтіп, сол жердегі аналардың қатыгездігі оны таң қалдырғанын айтқан болатын. Сонымен қатар ДСМ басшысы министр Цой Денсаулық сақтау министрлігінің алдында болған оқиғаға қатысты сұрақтарға жауап берді.

Өзгелердің жаңалығы