Министрлік курьер әйелдің отбасы туралы мәліметтің жариялануына қатысты сынға жауап берді

Еңбек министрлігі отбасының жеке деректері жарияланбағанын айтып, олардан кешірім сұрау мәселесі қарастырылмайтынын мәлімдеді.

 видео кадр Бүгiн 2026, 12:33
Бүгiн 2026, 12:33
177
Фото: видео кадр

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев Сенаттағы брифингте министр Асқарбек Ертаевтың сәбиімен бірге курьер болып жұмыс істеген әйелдің отбасы туралы мәліметті жариялағанынан кейін ведомствоға айтылған сынға пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Журналистер отбасының несиесіне қатысты ақпаратты жариялау қаншалықты заңды болғанын және мұндай мәліметтердің дербес деректерге немесе банк құпиясына жататынын сұрады.

Менің ойымша, мұнда заңға қайшы ештеңе болған жоқ. Ешқандай жеке деректер жарияланған жоқ, – деп жауап берді Ербол Тұяқбаев.

Журналистер айтылған мәліметтердің банк құпиясына қатысы бар-жоғын да нақтылады. Бұған бірінші вице-министр нақты қандай банк немесе басқа да деректер айтылмағанын жеткізді.

Біз оның қай банкте екенін айтқан жоқпыз. Тек күйеуінің несиесі бар екені ғана айтылды, – деді ол.

Сондай-ақ журналистер жарияланымнан кейін қоғамда көптеген жағымсыз пікірлер айтылғанын еске салып, ведомство отбасыдан кешірім сұрауды жоспарлап отыр ма деген сұрақ қойды.

Кешірім сұраймыз ба? Жоқ. Бұл жарияланым шыққан бойда мемлекет атынан Алматы қаласының әлеуметтік қорғау басқармасының өкілдері сол отбасыға барып, үйінде кездесті. Оларға жұмысқа орналасуға қатысты ұсыныстар жасалды. Алайда отбасы өз еркімен одан бас тартты. Кейін Алматыдан кетіп, бұрынғыдай ата-аналарымен бірге тұру үшін Шымкентке көшіп кетті, – деді Ербол Тұяқбаев.

Ол отбасының басқа қалаға көшу туралы шешімді өз еркімен қабылдағанын да растады.

Наверх