Министрлік Каспий теңізіндегі итбалық өліміне қатысты түсініктеме берді

1 Шілде 2023, 03:27
768
Бөлісу:
Министрлік Каспий теңізіндегі итбалық өліміне қатысты түсініктеме берді
Фото: Архив BAQ.KZ

БАҚ-та Ақтауда теңіз жағасынан өлі итбалықтар табылғаны жөнінде ақпарат тараған еді. Алайда ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

2023 жылғы 28 маусым күні жаңалықтар порталында Ақтау қаласының Каспий теңізі жағасындағы демалыс орнында 2 өлі итбалық табылғаны туралы ақпарат жарияланды.

Ведомство өзара іс-қимыл схемасына сәйкес, табиғат қорғау прокуратурасы, мамандандырылған ғылыми ұйымдардың өкілдері, Каспий итбалығын зерттеу және оңалту орталығы, облыстың ветеринариялық қызметі, экология департаменттері және құқық қорғау органдары кіретін жұмыс тобының барлық мүшелері жедел түрде хабардар етілгенін мәлімдеді.

29 маусым күні таңертең жергілікті балық инспекциясы басқармасы, экология департаменті, ветеринарлық қызмет және Қазгидромет қызметкерлері болжамды орынға шықты. Алайда, болжамды жерде итбалықтардың өлекселері табылмады, бұл туралы тиісті акт жасалды, – делінген министрлік таратқан хабарламада.

Сондай-ақ министрлік облыстық балық инспекциясы басқармасының инспекторлары итбалық өлекселерін анықтау мақсатында Каспий теңізінің жағалауына мониторинг жүргізіп жатқанын хабарлады.

Өзгелердің жаңалығы