Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. "Bek Air" әуекомпаниясы билет ақысын қайтармай жатқаны үшін сот алдында жауап беретін болды. ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті "Bek Air" әуекомпаниясының үстінен тұтынушылардың құқықтарын бұзу туралы талап арыз берді.
Бұл туралы аталған комитеттің баспасөз қызметі хабарлайды.
31 қаңтарда Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті Нұр-Сұлтан қаласының сотына "Bek Air" әуекомпаниясының үстіне компанияның қызметін пайдаланған тұтынушылар құқығы бұзылғаны туралы арыз берді, – делінген хабарламада.
Талап арызда ұшақ апатынан кейін қызметінің тоқтатылуына байланысты "Bek Air" әуе компаниясы бұған дейін сатып алынған "ұшақ билеттерінің ақшасын уақытында қайтармай, тұтынушының құқығын бұзып отырғаны" айтылған. Комитет жалпы сомасы 444 434 теңге болатын билет сатып алған 20 адамнан шағым түскенін жеткізді.
Осыған дейін әлеуметтік желіде және БАҚ-та билет алып, оны пайдалана алмаған адамдар өз ақшаларын қайтара алмай жүргені айтылды. Сондай-ақ әуекомпания билет ақысын қайтаратынын бірнеше рет мәлімдеген.