Министрлік әдебиет пәнінің мазмұнын өзгертуге қатысты бұйрыққа қол қойды

27 Қазан 2020, 12:46
5600
Бөлісу:
Министрлік әдебиет пәнінің мазмұнын өзгертуге қатысты бұйрыққа қол қойды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов аппарат жиналысында айтты.

Барлық айтылып жатқан ұсынысты қолдаймыз. Жаңа жоба республикалық деңгейде басталатын болады. Бұл өте маңызды жоба. Біз білім сапасы дейміз, функционалдық сауаттылық дейміз, басқа да мәселелерді айтамыз. Бірақ ең маңызды мәселенің бірі – балалардың оқуға құштарлығы, жалпы кітап оқуға құштарлығы. Сондықтан осы жұмысты бастап үлкен дейгейде ұйымдастыратын боламыз, - деді министр.

Оның айтуынша, ең алдымен мектеп кітапханалары жаңа форматта жұмыс істеулері тиіс. 

Бүгінгі күні біріншіден, балалардың қызығып, кітапханаға барғысы келіп тұратындай жағдай жасауымыз керек. Екіншіден, мектеп кітапханашыларының беделін көтеру бойынша жұмыс жасауымыз қажет. Кадр әлеуеті мәселесі өте маңызды. Үшіншіден, кітапхананың әлеуетін көтеруіміз керек. Әсіресе, дүниежүзілік әдебиетті қазақ тіліне аударып, оны қолжетімді ету маңызды. Сондықтан бұл мәселені қолға алып, тиісті тізімді жасап жатырмыз, - деді Аймағамбетов.

Ол оқушылар міндетті түрде оқуы керек деген тізімді бекіту қажет екенін айтты. 

Балалардың жас ерекшелігін және басқа да мәселелерді ескеріп, көркем әдебиетпен қамтуымыз қажет. Сондай-ақ, қазақ әдебиеті пәні мазмұнын өзгерту бойынша ұсыныстар болды. Бұл сұрақ бойынша министрліктің бұйрығына қол қойылды. Жаңа жұмыс тобын құрдық. Жұмыс тобы осы жұмыспен айналысып жатыр және ерекше бақылауда болады, - деді Білім басшысы.

Өзгелердің жаңалығы