Министр жеке қосалқы шаруашылыққа қатысты заңды түсіндірді

23 Желтоқсан 2021, 17:51
1247
Бөлісу:
Министр жеке қосалқы шаруашылыққа қатысты заңды түсіндірді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихаты барысында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев хабарлады. 

Оның айтуынша, «Жеке қосалқы шаруашылық туралы» заң жобасы әзірленді.

Заң жобасының бірінші нұсқасы «Ашық нормативтік құқықтық актілер» сайтында орналастырылды. Талқылау барысында біз 1600-ге жуық ескерту мен ұсыныс алдық, - деп атап өтті ведомство өкілі.

Сонымен қатар ол аталған заң жобасының негізгі жаңалықтарына тоқталды.

Ең алдымен, ол жеке қосалқы шаруашылық қызметінің заңнамалық негізін құру. Өкінішке қарай, бұл – адам қызметінің заңмен реттелмеген салаларының бірі. Оның мәртебесі де айқындалмаған. Біз заң жобасында жеке қосалқы шаруашылықты азаматтың жалдамалы жұмыс күшін тартпайтын кәсіпкерлік емес қызметі ретінде тіркедік. Екіншіден, кооперативтер арқылы оларға мемлекеттік қолдау шараларын көрсету үшін нормалар енгізілді, - деді Қарашөкеев.

Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдарға жергілікті мүмкіндіктер есебінен жеке қосалқы шаруашылықтарға қолдау көрсету де маңызды деп отыр.

Жергілікті бюджеттерге тиісті шығын баптарын енгізу өкілеттіктерін береміз. Мұның бәрі жеке қосалқы шаруашылықтарға қатысты әділетсіздікті жою үшін өте маңызды. Ал ол әділетсіздіктің бары рас. Атап айтқанда, бүгінде елде 1,6 млн жеке қосалқы шаруашылық бар. Онда елдің мал басының жартысына жуығы шоғырланған. Олар іс жүзінде мемлекет тарапынан ешқандай қолдау алмай-ақ елдің ішкі нарығының мал шаруашылығы өнімдеріне деген қажеттіліктің жартысына жуығын қанағаттандырып отыр, - деді ол.

Сондай-ақ министрдің сөзінше, оларды жайылымдық жерлермен және азықпен қамтамасыз ету мәселелері әлі де шешілмеген.

Бұл проблема жыл өткен сайын ерекше өзектілікке ие бола түсуде. Мұны ағымдағы жылғы құрғақшылық дәлелдеп берді, осының салдарынан Маңғыстау облысы қатты зардап шекті. Шын мәнінде, биылғы жыл біздегі мал шаруашылығы саласының ауа райы жағдайына барынша осал екенін көрсетті. Кеше ғана мен өңірлерден келген фермерлермен кездестім. Оларды тыңдағаннан кейін мен бұл мәселені шешу үшін бір реттік іс-шаралар емес, жүйелі шаралар қажет екеніне тағы да көз жеткіздім, - деп ағынан жарылды АШМ басшысы.

Заңның бастапқы жобасында жеке қосалқы шаруашылықтың мұқтаждығы үшін бөлінген жайылымдық жерлерге елді мекендер шегінде қолда ұстауға болатын малдың шекті санын белгілеуге мүмкіндік беретін норма болған. Ол нормативтен тыс мал басын алдағы мемлекеттік қолдау көлемдерін болжау және жоспарлау мақсатында енгізіліпті. Алайда талқылау барысында жұртшылықтың пікірін ескере отырып, бұл норма алынып тасталған.

Еске сала кетейік, бұған дейін министр Қарашөкеев ауыл шаруашылығын субсидиялау жүйесіне реформа жасалатыны туралы айтқан болатын.

Өзгелердің жаңалығы