Министр: Жас ұрпақтың есірткі айналымына тартылуы – ең қорқынышты дүние

29 Қазан 2021, 09:36
227972
Бөлісу:
Министр: Жас ұрпақтың есірткі айналымына тартылуы – ең қорқынышты дүние

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ІІМ Алматы академиясының есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі мамандарды даярлау бойынша ведомствоаралық орталығы халықаралық сарапшылардың, ғылыми қоғамдастықтың, мүдделі мемлекеттік органдар мен жұртшылықтың қатысуымен «Есірткісіз болашақ» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясын ұйымдастырды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Конференцияға ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев, БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының, АҚШ елшілігінің, АҚШ ӘМ есірткіге қарсы күрес басқармасының, ОАӨАҮО, ҰҚК, Алматы қаласының мәслихаты мен білім және ғылым басқармасының, мемлекеттік ұйымдардың, заң қоғамдастығының, ҮЕҰ, ЖОО және өңірлік полиция департаменттерінің өкілдері қатысты.

Заңсыз есірткі бизнесі – бұл бүкіл әлемнің проблемасы, ол тек ұлттардың генофондына ғана емес, сондай-ақ елдерде әлеуметтік-экономикалық ахуалды қалыптастыруға және оның инвестициялық тартымдылығына қауіп төндіреді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіндегі Қазақстан халқына Жолдауында біздің азаматтардың, әсіресе жастар арасында есірткінің таралу жолына қуатты тосқауыл қою қажеттігін атап өтті. Себебі жас ұрпақтың есірткі айналымына тартылуы – ең қорқынышты дүние, – деп атап өтті ІІМ басшысы. 
Ерлан Тұрғымбаев елдегі есірткі ахуалын айтарлықтай тұрақтандыруға мүмкіндік берген нақты шаралар туралы хабарлады. 

Бұл – есірткіге қарсы саладағы ұлттық заңнаманы пысықтау, есірткіге қатысты қылмыстық құқық бұзушылықтарды анықтау, ұйымдасқан қылмыстық топтарды ажырату, есірткі трафигінің, оның ішінде шетелден келетін есірткі трафигінің жолын кесу және жасырын есірткі зертханаларын жою. 

Сонымен қатар ол қатысушылардың назарын полиция жұмысындағы цифрландыруға аударды. 

Цифрландыру – сән үрдісіне сүйену емес, ұлттық бәсекеге қабілеттілікке қол жеткізудің негізгі құралы. Бүгінде бұл – жол мен электр энергиясы сияқты базалық қажеттіліктердің бірі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында. 
Полиция жұмысында цифрландыру маңызды рөл атқарады, түрлі қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды, оның ішінде есірткінің заңсыз айналымын анықтауға көмектеседі, профилактиканы күшейтуге ықпал етеді.

Ғылыми іс-шарада синтетикалық есірткілердің, оның ішінде интернет арқылы таралу проблемасы, тиімді мемлекеттік және әлеуметтік бақылаумен нашақорлықтың бастапқы алдын алудың заманауи жүйесін құру, құрамында есірткі бар өсімдіктердің өсу ошақтарын қашықтықтан анықтау, есірткіні шетелден әкелуге жол бермеу шаралары қаралды. 

Ғылыми-практикалық конференцияның қорытындысы бойынша сындарлы халықаралық және ведомствоаралық ынтымақтастық, сондай-ақ есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылда ортақ күш-жігерді біріктіру туралы келісімдерге қол жеткізілді.



Өзгелердің жаңалығы