Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Венада халықаралық ұйымдардың басшыларымен кездесулер өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ ведомствоға сілтеме жасап.
Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымының (ЯСЖТШҰ) Дайындық комиссиясының Атқарушы хатшысы Роберт Флойдпен кездесуде халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ағымдағы ахуал туралы пікір алмасу өтті.
Мұрат Нұртілеу Қазақстанның ЯСЖТШ-ға берік ұстанымын сақтауға ниетті екенін жеткізді. Ол сондай-ақ бұл келісім жаһандық қарусыздану және таратпау режимінің негізгі элементі, ядролық қатерсіз бейбітшілікке қол жеткізуге ықпал ететін тиімді механизм болатынын атап өтті. Қазақстандық дипломат сұхбаттасын ағымдағы жылдың тамыз айында Қазақстанда жоспарланған ядролық қарусыз аймақтар арасындағы ынтымақтастықты нығайту және ядролық қаруға тыйым салуды әмбебаптандыру жөніндегі іс-шараларға қатысуға шақырды.