Министр тұқым шаруашылығын дамыту жөніндегі шаралар туралы айтты

24 Наурыз 2024, 00:38
660
Бөлісу:
Министр тұқым шаруашылығын дамыту жөніндегі шаралар туралы айтты
Фото: gov.kz

Таразда ТМҰ мүше мемлекеттердің ауыл шаруашылығы министрлерінің отырысы аясында агро бизнес форум және тұқым шаруашылығы бойынша конгресс өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап. 

Форумның негізгі тақырыбы тұқым шаруашылығын дамыту ісінде мемлекеттердің ынтымақтастығын арттыру болды. 

Ауыл шаруашылығы министрі атап өткендей, тұқымның өнімділікке әсер ету деңгейі 40% -ға жетеді, сондықтан саланы дамыту бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Осыған байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2024-2028 жылдарға арналған Қазақстанның ауыл шаруашылығы дақылдарының селекциясы мен тұқым шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспар жобасы әзірленді. Атап айтқанда, жоспар заңнамалық және нормативтік базаны жетілдіруді, сондай-ақ селекция және тұқым шаруашылығы субъектілерінің материалдық-техникалық базасын жаңартуды көздейді.

Заңнамамен жұмыс істеу бөлігінде, мысалы, "Селекциялық жетістіктерді қорғау туралы" Заңға оны "Өсімдіктердің жаңа сорттарын қорғау" жөніндегі халықаралық конвенцияға сәйкес келтіру мақсатында өзгерістер енгізіледі. "Тұқым шаруашылығы туралы" Заңға да бірқатар толықырулар жасалмақ.

Мемлекет тарапынан саланы қолдау үшін бірегей және элиталық тұқымдарды сатып алуды субсидиялау, селекциялық-тұқым шаруашылығы техникасы мен тұқым тазарту жабдықтарын сатып алуға көмек көрсету сияқты құралдар көзделген.

Қазақстан тұқым шаруашылығын дамыту мәселелері бойынша жемісті ынтымақтастыққа мүдделі. Бұл диалог алаңы бизнеске, ҮЕҰ-ға, инвесторларға байланыс орнатуға және АӨК-де бизнес жүргізу үшін жаңа трендтер мен перспективаларды талқылауға мүмкіндік береді деп үміттенемін, - деп қорытындылады сөзін Айдарбек Сапаров.

Министр 2023 жылы өтемақы үлесі 25%-дан 50%-ға дейін өскенін еске салды. Сонымен қатар, қазақстандық өндірістің ғана емес, шетелден сатып алынған тұқымдар да субсидияланады. 

Осылайша, 2023 жылға қарай тұқымға бюджеттік субсидиялар көлемі 16,5 млрд теңгеге жетті. Бұл сортты жаңартуға оң әсерін тигізді. Мәселен, өткен жылы элиталық тұқымдардың үлесі 5,2%-дан 7,1%-ға дейін өсті.

Өзгелердің жаңалығы