Алматы қаласына жұмыс сапарының бірінші күні Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов Қорғас өзенінде және Үлкен Алматы өзенінің бассейнінде салынып жатқан селден қорғау құрылыстарының барысымен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
«Шүкірбұлақ» бөгетінің негізгі техникалық сипаттамасы мынадай: сел сақтау сыйымдылығы - 10 млн текше метр, бөгеттің биіктігі - 50,70 метр, бөгеттің ұзындығы - 534 метр.
Мамандар бүгінгі күні ҚР тарапынан объектінің дайындығы 80%-ды құрайтынын министрге баяндады.
Бөгеттің құрылыс барысымен танысқаннан соң Сырым Шәріпханов жауапты құрылымдарға жұмыстың сапалы орындалуын қамтамасыз ете отырып, Шүкірбұлақ бөгетінің құрылыс қарқынын жеделдету жөнінде тапсырмалар берді.
Бұл халықаралық жоба болғандықтан, қорғау құрылыстары Қазақстан Республикасында да, Қытай Халық Республикасында да тек қорға өзенінің жағаларында орналасқан елді мекендердің ғана емес, сонымен қатар инфрақұрылым объектілерінің де (көпірлер, автожолдар, электр беру желілері, газ және мұнай құбырлары, темір жолдар және т.б.) қауіпсіздігін қамтамасыз ететін болады, - делінген хабарламада.
Қазақстан бөлігіндегі трансшекаралық Қорғас өзенінің жоғарғы ағысында 40 мұздақ көл, ал Қытай бөлігінде 20-ға жуық көл орналасқан. Қорғас өзені сел қаупінің бірінші санатына жатады. Оның негізгі су жинау алаңы 9 балдық сейсмикалық аймақта орналасқан.
«Шүкірбұлақ» сел ұстайтын бөгеттің құрылысы Мемлекет басшысының тапсырмасын және Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының Үкіметтері арасындағы Қорғас өзенінде бірлескен сел ұстайтын бөгет салудағы ынтымақтастық туралы келісімді іске асыру шеңберінде жүзеге асырылады.
Алматы үшін маңызды объект - Үлкен Алматы өзенінің бассейніндегі «Аюсай» сел ұстайтын бөгеттің құрылыс барысы да министрдің жеке бақылауында. Бөгет салынып жатқан жерде «Қазселденқорғау» ММ басшысы Қайрат Бекенов министрге жұмыстардың аяқталу сатысында екенін хабарлады.
Алматы тау бөктеріне сапарының нәтижесінде Сырым Шәріпханов «Қазселденқорғау» ММ мен құрылыс ұйымының басшылығына құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасы мен мерзімдерін қатаң сақтап, құрылысты белгіленген мерзімде аяқтау қажеттігі туралы тапсырма берді.
«Аюсай» бөгетінің құрылысы сел тасқынынан болатын қауіпті барынша азайтуға мүмкіндік береді. Ол Алматы қаласындағы Бостандық, Алмалы аудандарының халқы мен объектілерін сенімді қорғауды қамтамасыз етеді.
Жоба бойынша сел ұстайтын Аюсай бөгетінің биіктігі 41 метрден асады, сел сақтау көлемі-2,3 млн текше метр.
Үлкен Алматы және Ақсай өзендерінің бассейндері сел қаупінің бірінші санатына жататынын атап өткен жөн. Тек Үлкен Алматы өзенінің бассейнінің өзінде ғана 89 мұздық, 20 мұздақ-мұздық көлдер мен Үлкен Алматы көлі орналасқан.
Қорғалатын аумақ (Үлкен Алматы өзенінің аңғарында) ұлттық табиғи парктің бөлігі болып табылады, онда Алматы ГЭС каскадының объектілері, Алматы автожолы – Үлкен Алматы көлдері орналасқан, сондай-ақ көптеген демалыс аймақтары, дәмханалар мен мейрамханалар салынды, олар жұмыс істеп жатыр.