Министр Орталық Азия елдері ынтымақтастығының төрт перспективалық бағытын атады

6 Тамыз 2021, 20:24
3111
Бөлісу:
Министр Орталық Азия елдері ынтымақтастығының төрт перспективалық бағытын атады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Орталық Азия елдерінің экономикалық форумы барысында Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев Орталық Азия (ОА) аймағы елдерінің экономикалық өзара байланысының нығаюы мен Қазақстанның экономикалық дамуының негізгі бағыттары туралы айтып берді деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі. 

Қазақстанның Орталық Азия елдерімен тауар айналымы соңғы 5 жылда (2016-2020 жж.) 54%-ке өсті. 2020 жылы ол Қазақстанның сыртқы саудасының жалпы көлемінің $4,7 млрд немесе 5%-тен астамын құрады. Ағымдағы жылғы 5 айда Қазақстанның аймақтағы барлық елдермен саудасы 2020 жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 35%-ке өсіп, $2,3 млрд құрады, - деді министр.

Қазақстанның Ұлттық экономика министрлігінің басшысы Орталық Азия аймағы елдерінің экономикалық ынтымақтастығының неғұрлым перспективалық төрт бағытын атады: аймақтық жеткізу тізбектері желісін дамыту; өзара аймақтық инвестицияларды ұлғайту; ОА елдерінің көлік-логистикалық жүйесін ықпалдастыру және аймақтық туризмді дамыту.

Министр Орталық Азия елдері ынтымақтастығының төрт перспективалық бағытын атады

Аймақтық жеткізілімдер тізбегі туралы айта келе, министр тауарлар номенклатурасын кеңейту және өзара сауда сапасын арттыру қажеттігін атап өтті. Өз кезегінде, Қазақстан дайын және өңделген өнімді аймаққа түрлі салалардағы 300 тауар түрі бойынша жеткізуді ұлғайта алады.

Өздеріңіз білетіндей, бүгінде ЕАЭО елдері бағаны тұрақтандыру, азық-түлік тізбегінің шығындарын азайту мәселелерін кешенді шешуге мүмкіндік беретін тауар өткізу жүйесін құру бойынша жұмыс істеуде. Мұндай желіні жолға қоюда күш-жігерді, оның ішінде біздің тауарларымызды үшінші елдердің ірі нарықтарына бірлесіп жеткізу үшін біріздендірілген стандарттармен біріктіру қажет. Бұл да маусымаралық кезеңде өздерінің нарығын қанықтыруға мүмкіндік береді, - деді Ә.Ерғалиев.

Әлемдік инфляцияның өсуіне байланысты орталық банктер процентттік мөлшерлемені көтеруге мәжбүр болады. Олар қор және тауар нарықтарында түзетіледі деп күтілуде. Бұл өзгерістер дамушы елдерден инвесторлардың кетуіне әкелуі мүмкін. 2020 жылы жаһандық тікелей инвестициялар 40%-ке қысқарды. Биыл тағы 10%-ке қысқарту күтілуде.

Біздің дамып келе жатқан аймақ үшін инвестицияның маңыздылығын ескере отырып, осы саладағы ынтымақтастықты нығайтуды және өзара аймақтық инвестицияларды ұлғайтуды ұсынамын. Ірі инфрақұрылымдық жобаларды бірлесіп іске асыру бойынша шоғырландырылған тәсілдерді әзірлеу қажет, - деді Қазақстан экономикалық ведомствосының басшысы.

ОА елдері халықаралық теңіз жеткізу жолдарына тікелей шыға алмайтыны белгілі. Сондықтан аймақтың көлік-логистикалық жүйесін әлемдік көлік жүйесіне интеграциялау маңызды бағыт болып табылады.

Ә.Ерғалиевтің айтуынша, 2020 жылы Қазақстан аумағы арқылы жүк тасымалдау көлемі тек артып, 22,7 млн тоннаны (+17%), транзиттік контейнерлер – 876 мың тоннаны (+30%) құрады. Бұл елдің көлік-транзит жүйесінің орнықтылығына байланысты. Қазақстанның көлік инфрақұрылымының мүмкіндіктерін, сондай-ақ Ляньюньган портының қуатын пайдалана отырып, Орталық Азия елдері тауарларды Оңтүстік-Шығыс Азия, Австралия, Америка елдерінің нарықтарына кедергісіз және кері бағытта Еуропа мен Таяу Шығыс елдеріне өткізе алады.

Ынтымақтастықтың перспективалық бағыты өзара аймақтық туризмді дамыту және жобаға туроператорларды тарта отырып, жаңа трансшекаралық бағыттарды құру мүмкіндігі болып табылады.

Сондай-ақ, форум барысында Әсет Ерғалиев Қазақстандағы ағымдағы экономикалық жағдай туралы баяндады. Өткен жылы Қазақстанда салық жеңілдіктерін, әлеуметтік төлемдерді, кредиттік жеңілдіктерді қамтитын жалпы сомасы $15 млрд немесе ЖІӨ-нің 9%, дағдарысқа қарсы шаралардың бірнеше пакеті іске асырылды.

Осы шаралардың арқасында 2020 жылы ел экономикасы өсімінің 2,5%-ке дейін төмендеуін шектеп, өсу серпініне көшудің сәті түсті. Ағымдағы жылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша экономика өсімі 2,2%-ке дейін жеделдеді. Жыл соңына қарай біз 3,5-4% өсімге қол жеткізуді күтеміз.

Министр сондай-ақ пандемия цифрландыру процесін жеделдеткеніне назар аударды. Қазақстан электрондық үкіметті дамыту бойынша әлемде БҰҰ-ға мүше 193 елдің ішінде 29-орында және жаһандық киберқауіпсіздік индексі бойынша 182 елдің арасында 31- орында тұр. Қазір Қазақстанда орта есеппен мемлекеттік қызметтердің 84%-і онлайн форматта ұсынылады. Бұл ретте Экономика министрлігі-100%.

Біз стратегиялық мемлекеттік жоспарлау, жобалық басқару, электрондық үкіметті енгізу тәжірибесімен бөлісуге дайынбыз. Сондай - ақ, бірлескен жабдықтар өндірісін дамытуға, технологиялар трансфертін қоса алғанда, өндірістік кооперацияны ұйымдастыруға, сондай-ақ ҚР аумағында электрондық жабдықтар өндірісін оқшаулауға мүдделіміз, - деді Ә.Ерғалиев.

Анықтама: Бүгін Түркіменстанда Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесуі, өңір елдерінің көшбасшы әйелдерінің алғашқы диалогы, Орталық Азия елдерінің экономикалық форумы, Халықаралық көрме және дәстүрлі тағамдар көрмесі, сондай-ақ Орталық Азия елдерінің мәдениет және өнер шеберлерінің мерекелік концерті өтуде.



Өзгелердің жаңалығы