Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев Атырау облысына келген сапарында Теңіз кенішіндегі Келешек кеңею жобасы - Ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару жобасының (ККЖ- ҰЕҚБЖ) жүзеге асу барысымен танысты.
Бүгінгі таңда жоба бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарының 85% аяқталды.
ТШО үстіміздегі жылдың өткен алты айында 1,7 млрд АҚШ долларына қазақстандық компаниялардан тауарлар және қызмет түрлерін сатып алды, оның ішінде 1,2 млрд АҚШ доллары Келешек кеңею жобасы - Ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару жобасы шеңберінде жұмсалды. Жоба басталғаннан бері бұл көрсеткіш 11,9 млрд АҚШ долларына жетті.
ККЖ-ҰЕҚБЖ-ны іске қосу – Теңіз кенішіндегі мұнай өндірісін жылына 12 млн. тоннаға арттырып, жылдық өндірісті 39 млн. тоннаға жеткізеді.
ККЖ-ҰЕҚБЖ жаңа нысандарды пайдалануға беру кезінде жаңа технологияларды қолдануға мүмкіндік береді.
Өндірісті басқарудың озық үлгідегі біріккен орталығын ашу, сондай-ақ, жақында іске қосылған өндірістік мәліметтерді толық оңтайландыруды көздейтін «виртуалды зауыттың» мүмкіндігін кеңейту жоспарланған.
Министр жобаның ұлтық экономика үшін маңызды екендігін өтіп, ТШО-ға қазақстандық қызмет түрлері мен тауарларды пайдалану ауқымын ұлғайтуды тапсырды.
ТШО жобалары жылдар бойы еліміздің экономикалық дамуына оң ықпалын тигізуде. Әңгіме тек отандық кәсіпкерлікті дамыту туралы емес.ТШО жобаларының арқасында технологиялар трансферті жүзеге асуда, мамандардың біліктілігі артуда және аймақтың инфрақұрылымы жаңғыртылуда, - деп атап көрсетті М. Мырзағалиев.
Сапар барысында министр нысандардағы жұмыс жағдайларымен де танысты. Мағзұм Мырзағалиев пандемия кезіндегі компания жұмысын жоғары бағалап, Теңіз кенішінде дер кезінде қолға алынған сақтық шараларының арқасында Екінші буын зауыты(ЕБЖ) - Шикі газ айдау(ШГА)нысандарында күрделі жөндеу жұмыстарының жоспарлы мерзімнен төрт күн бұрын сәтті аяқталғанын атап өтті.
Күрделі жөндеу кезінде 6400-ден аса қызметкер жалпы саны 1,4 миллион адам-сағатты ойдағыдай атқарды. Түрлі инжинирингтік бағыттан бастап, компрессорлар мен турбиналарды жөндеу және ауыстыру жұмыстарын қамтитын отыз алты (36) қазақстандық компания қызмет көрсетті.
Компания өз кезегінде, қабылданған сақтық шаралары мен екпе алудың жоғары деңгейі негізгі өндірістің тоқтаусыз жұмысын қамтамасыз еткеніне тоқталды. Бүгінгі таңда Теңізде еңбек ететін 70 000-нанаса қызметкер толық екпе алды. Бұл - барлық еңбек күшінің 90% -ы.
Біз вакцинациялау бағдарламасын жүзеге асыру, өндіріс процесінің қауіпсіздігі мен сенімділігін қамтамасыз ету және ККЖ-ҰЕҚБ жобасы шеңберіндегі жұмыстарды қауіпсіз орындауда Қазақстан Республикасы Үкіметінің ТШО өндірісіне көрсеткен қолдауын жоғары бағалаймыз.Сіздің Теңізге сапарыңызды пайдаланып, кеніште жұмыс істейтін қазақстандық мамандардың таланты мен жоғары біліктілігінкөрсетуге мүмкіндік болғаны үшін қуаныштымын,- деді ТШО-ның бас директоры Кевин Лайон.
Сапар қорытындысында Энергетика министрі бірнеше тапсырма берді, соның ішінде жұмыс күшінің әлеуетін арттыру да бар. Сондай-ақ, министр кеніштегі жоба аясында алғашқы мұнайды жоспарланған мерзімде – 2023 жылдың соңына қарай алу керектігін атап өтті.