Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева креативті секторды ынталандыру үшін жаңа салықтық жеңілдіктер қарастырылып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазіргі таңда жаңа Салық кодексі жобасы талқыланып жатқанын ескере отырып, біз креативті индустрияға арналған бірқатар ынталандырушы салықтық шараларды қарастыруды сұраймыз. Олар "бөлшек салық" арнайы салық режимін сақтаумен қатар, қосылған құн салығы (ҚҚС) мен корпоративтік табыс салығына (КТС) жеңілдетілген ставкалар белгілеуге қатысты, – дейді Аида Балаева үкімет отырысында.
Жыл басында Мемлекет басшысы креативті индустрияны қолдауға бағытталған заңға қол қойды. Аталған заңнамалық өзгерістер институционалдық негіздерді қалыптастыру, инфрақұрылымды дамыту және басым салаларды қолдау шаралары секілді үш негізгі бағытқа шоғырланған.
Бұл заң креативті индустрияларды қолдау және дамыту мәселелері бойынша түзетулерді қамтиды. Атап айтқанда:
• Уәкілетті және жергілікті атқарушы органдардың құзыретін кеңейту,
• Үкіметтің креативті индустрияларды дамытуға жәрдемдесетін заңды тұлғаны айқындауы,
• Мемлекеттік қолдау мен креативті индустрияларды ынталандыру ережелерін әзірлеу және бекіту жөніндегі уәкілетті органның құзыретін бекіту.
Сонымен қатар, түзетулердің екінші пакеті әзірленіп, Мәжілісте қаралуда.
Бұдан бөлек, сенбі күні Мемлекет басшысы Бюджет кодексіне және оған ілеспе заңдарға өзгерістер енгізу туралы заңға қол қойды. Осы түзетулер аясында ұлттық лотерея операторы өткізген лотерея билеттерінің 3%-ын креативті индустрияны дамытуға бағыттау көзделген.
Еске сала кетейік, Үкімет отырысында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева республикадағы креативті индустрияны дамыту жөнінде баяндады.