Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев тарифтердің неге өсіп жатқанын түсіндірді, – деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Энергетика министрлігі өз құзыреті аясында энергетика секторының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізуде. Өздеріңіз білетіндей, тозуы 90%-ға жеткен электр станцияларындағы тарифтерді көтердік. Осы жұмыстың нәтижесінде бүгінде 19 станция “қызыл аймақтан” шығып отыр – дейді министр ведомствода өткен брифингте.
Сондай-ақ, ол өткен жылдан бері Энергетика министрлігі магистральдық жылу желілеріне жауапты екенін еске салды. 2023 жылы бұл салаға жалпы 347 миллиард теңге инвестиция салынған, оның бір бөлігі республикалық бюджеттен бөлінген.
Сәтқалиевтің айтуынша, егер түбіртектердегі сома дұрыс есептеліп, бекітілген тарифтерге сәйкес келсе, онда бұл объективті көрсеткіш болып саналады. Дегенмен, операторлардың тарапынан қателіктер болуы мүмкін екенін де жоққа шығармады.
Төлем нақты тұтынылған көлемге қарай есептеледі. Егер тұрғындар шығындарын азайтқысы келсе, тұтынуды оңтайландыруға, ортақ есептегіштер орнатуға және бәсекелестік нарықтағы жеткізушілерді таңдауға болады, – деп түйіндеді министр.