Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, біз ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бірдей мүмкіндік жасауға міндеттіміз. Кез келген өркениетті, рухы биік қоғамның ұстанымы осындай болса керек. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева осылай деді.
ХХI ғасыр мың құбылған, сындарлы кезең ғана емес, бұл – жаңа мүмкіндіктер заманы. Әсіресе, айрықша қажеттіліктері бар ерекше балаларды қоғамға бейімдеу, заман көшінен қалдырмау - баршамызға ортақ міндет. Осы орайда, «Қазақстан» телерадиокорпорациясы «Balapan» телеарнасының жанынан «Ерекше білім алу қажеттіліктері бар балаларға арналған анимация мектебі» жобасын жүзеге асыру бастамасын көтеріп отырмын - деді министр өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Ол өз жазбасында бұл шешімнің ұтымды тұстарына тоқталды.
Біріншіден, анимация саласы елімізде жоғары қарқынмен дамып келеді. Сондықтан анимация мамандары отандық және халықаралық нарықта қашан да сұранысқа ие болары сөзсіз. Екіншіден, бұл денсаулығына байланысты бір орында отырып жұмыс істеуге мәжбүр азаматтар үшін өте пайдалы алаң болмақ. Үшіншіден, жоба жас таланттардың жұлдызын жағатын, олардың арманға жету жолындағы алғашқы баспалдағы болады деп сенеміз. Айрықша білім алу қажеттіліктері бар балаларға жаңа мүмкіндік сыйлауды көздейтін және жұмыспен қамтуға жәрдемдесетін мектеп жұмысын ақпан айынан бастап іске асырмақпыз. Оқыту 14-16 жастағы балалар арасында 6 ай бойы жүргізіледі. Осы орайда қайырымдылық жобасына еріктілік танытып, қолдау білдіріп отырған еліміздегі жетекші мультипликация мамандарына алғыс білдіремін - деді Аида Балаева.
«Ерекше білім алу қажеттіліктері бар балаларға арналған анимация мектебіне» өтінімдер balapantv@kaztrk.kz эл.поштасы арқылы қабылданады.