Министр: Ел тыныштығы үшін жанын қиған Ғазизді әріптестері ұмытпайды

12 Қараша 2020, 22:27
1767
Бөлісу:
Министр: Ел тыныштығы үшін жанын қиған Ғазизді әріптестері ұмытпайды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін халық қахарманы, тәуелсіз еліміздің батыры, талайға тегеурінді мінезімен, ерге бергісіз бейнесімен үлгі болған - Ғазиз Байтасовтың ерлік көрсеткеніне тура 9 жыл толып отыр. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев жазды.

Тәуелсіз еліміздің барлық өңірлеріндегі ішкі істер органдарында батырдың ерлігін дәріптеген іс-шаралар өтті. Қылмыскерлер қолынан қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан, өмірінің соңына дейін антына адал болған полиция капитанының осынау ерлігі жыл өткен сайын жаңғырып, өз ортасы үшін адалдық символына айналды. Қаза тапқан полицей мемлекет тарапынан мадақталып, ерлігі бағаланды. Ел тыныштығы үшін жанын қиған Ғазизді әріптестері ешқашан ұмытпайды - деді министр.

Ол ерлік жасаған ерлердің есімі ел жадында мәңгі сақталатынын атап өтті.

Тәуелсіздік алғалы 797 қызметкер жұмыс бабында қаза тауып, 2604 полицей түрлі жарақат алды. Қауіптің бел ортасында жүретін полицейлердің жұмысы оңай емес. Олар қоғам тыныштығын күзетіп қана қоймай, қиындыққа тап болған қаншама жанды ажалдан арашалап қалады. Олар өзгелердің өмір сүруі үшін өздерінің өмірлерін тәуекелге тіккендер. Сондықтан өскелең ұрпаққа антына адал болған полицейлердің даңқын дәріптеп, ерен ерлігін еске салып отыру болашақта патриотты да парасатты ерлердің ел қамы үшін қызмет ететініне кепіл болмақ! - деді Ерлан Тұрғымбаев.
Өзгелердің жаңалығы