Министр: Донорлық ұйымдар желісін дамытуды жоспарлап отырмыз

2 Қыркүйек 2022, 19:48
1300
Бөлісу:
Министр: Донорлық ұйымдар желісін дамытуды жоспарлап отырмыз

Алматыда алыс және жақын шетелдерден 300 делегаттың қатысуымен "Хирургия мен трансплантологияның өзекті мәселелері" тақырыбында Қазақстан хирургтарының ІІІ съезі өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жапония, Үндістан, Қытай, Ресей, Беларусь, Украина, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Грузияның және Қазақстанның ғылыми орталықтарынан және жоғары медицина оқу орындарының өкілдері Съездің жұмысына спикерлер мен дәріскерлер ретінде қатысады.

Форум делегаттарына жолдаған құттықтау сөзінде Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният ҚР Денсаулық сақтауды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы жобасында белгіленген хирургиялық және трансплантологиялық қызметтің рөлі мен перспективаларын ерекше атап өтті.

Қазіргі уақытта стационарлық хирургиялық желі жыл сайын 200 мыңнан астам пациентті хирургиялық көмекпен қамтамасыз ететін 330-дан астам мемлекеттік және жеке медициналық ұйымдармен ұсынылған. Бұдан әрі біз өңірлерде ішкі эндоскопиялық хирургияны, тері арқылы аз инвазивті араласуды, эндоскопиялық гемостаз орталықтарын және донорлық ұйымдар желісін дамытуды жоспарлап отырмыз, сондай-ақ трансплантологиядағы зертханалық қызметті дамытатын боламыз, - деп атап өтті Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы.

Сонымен қатар, ол қазақстандық хирургия айтарлықтай жетістіктерге жеткенін де хабарлады. Хирургтар әлемдік стандарттар деңгейінде торакоабдоминальды аймақтың мүшелеріне хирургиялық араласудың барлық көлемін, соның ішінде аз инвазивті хирургиялық араласулардың барлық спектрін - кардия ахлозиясы кезіндегі пероральді эндоскопиялық миотомия, асқазан-ішек жолының ерте обыры кезіндегі эндоскопиялық субмукозалы диссекция, панкреатодуоденальды резекцияны қоса алғанда, бауыр, ұйқы безі резекциясын сәтті орындайды.

Трансплантология өмірді сақтап қана қоймай, сонымен қатар оның сапасын едәуір арттыруға, адамды қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сақтауға мүмкіндік беретін жоғары технологиялық медициналық көмектің ең қажетті түрі болып табылады. Органдарды трансплантациялау жоғары технологиялық медициналық көмектің ең инновациялық түрі болып табылады, онда заманауи медицинаның барлық ресурстары – жоғары санатты мамандар, жаңа технологиялар шоғырланған, - деп Ажар Ғиният атап өтті.

Сондай – ақ, Қазақстанда трансплантологияның неғұрлым күрделі бағытының бірі - тірі донорлық белсенді дамуда. Отандық хирургтар соңғы 10 жылда 1600-ден астам тірі донордан ағзалар алуды орындады.

Құрметті әріптестер, алдымызда үлкен міндеттер мен көп жұмыс күтіп тұр, сондықтан баршаңызды отандық хирургия мен транплантологияны дамыту үшін күш-жігерімізді жұмылдыруға шақырамын, - деп министр өз сөзін съезд қатысушыларына арнады.

ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудниктің айтуынша, біздің ортақ міндетіміз - еліміздің барлық өңірлерінің қалың бұқарасы үшін жоғары білікті хирургиялық көмек көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін арттыру. Бұл міндетті тиімді іске асыру ғылым мен практиканың ең озық жетістіктерін игеру, оқытудың жаңа әдістерін, ұйымдастырушылық тәсілдерді енгізу, сондай-ақ қазіргі заманғы хирургия үшін өзекті мәселелерді уақтылы қою және оларды ұтымды шешу жолдарын іздестіру арқасында ғана мүмкін болатынын вице-министр форум алаңында хабарлады.

Съезд жұмысы барысында хирургиялық ауруларды диагностикалау мен емдеуге, трансплатологиялық көмек көрсетуге байланысты бірқатар мәселелердің талқылануы күтілуде.

Сонымен қатар, съезд трансплантология мен шұғыл хирургияның өзекті мәселелерін қозғауға, оның таяу жылдардағы даму перспективаларын анықтауға мүмкіндік беріп, біздің елімізде жаңа технологияларды дамытудағы кезекті қадам болады.

ІІІ Съезге жетекші мамандар қатысып жатыр. Бұл мамандардың кең ауқымы үшін жетекші хирургтардан, трансплантологтардан құнды кәсіби білім алуға, тәжірибе алмасуға, медицинадағы ең соңғы инновациялар мен заманауи үрдістермен танысуға бірегей мүмкіндік, - деп атап өтті В.Дудник.

Соңында ол съезд жұмысы барысында әзірленген шешімдер іс жүзінде сұранысқа ие болатынына және отандық денсаулық сақтауды жаңғыртуға бағытталған бағдарламаларды іске асыруға көмектесетініне сенім білдірді.

Айта кетері, форумды А. Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы ұйымдастырды, ол ең заманауи стандарттар мен технологияларды қолдана отырып, емдеу-диагностикалық көмек көрсететін жетекші көпбейінді медициналық мекеме болып табылады.

Өзгелердің жаңалығы