Министр: Домбыра - қазақтың сан ғасырлық шежіресін қос ішегіне сыйғызған баға жетпес қазына

4 Шілде 2021, 21:38
1783
Бөлісу:
Министр: Домбыра - қазақтың сан ғасырлық шежіресін қос ішегіне сыйғызған баға жетпес қазына

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова қазақ елін бүгінгі Ұлттық домбыра күні мерекесімен құттықтады.

Ардақты ағайын! Сіздерді шілденің бірінші жексенбісі - Ұлттық домбыра күнімен шын жүректен құттықтаймын! Домбыра - қарға тамырлы қазақтың сан ғасырлық шежіресін қос ішегіне сыйғызған, тоғыз пернесіне дарытқан байлығына баға жетпес қазына. Міне, сол себепті ата домбыра əр қазақтың төрінен түспей келеді. Тұңғыш Президент - Елбасы Ұлттық домбыра күнін бекіту арқылы киелі аспабымыздың кемел келешекке керуен тартуына жол ашты. Шанағынан төгілген күй-құдірет ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтауға, оны жаңғыртуға, бабалар сөзіне құлақ түруге жетелей бастады - деді министр өз құттықтауында.

Ол барын бағалай білетін халық ретінде кешегіміз бен келешегімізді жалғаған алаш аспабын дəуірлетуге барымызды салуға міндетті екенімізді айтты.

Көрнекті ақын Қадыр Мырза Əлі: «Нағыз қазақ - қазақ емес, нағыз қазақ - домбыра!» деп ұлықтау арқылы ұлтымыздың ұстынын танытқанын ұмытпауға тиіспіз. Əрдайым торқалы тойда, əр шаңырақта күмбір-күмбір күй тартылып, домбыра үнімен көмкерілген салмақты туындылар көп болсын! - деді Ақтоты Райымқұлова.
Өзгелердің жаңалығы