Министр доллар бағамы туралы: "Нақты шараларға сүйенеміз"

17 Желтоқсан 2024, 17:51
361
Бөлісу:
Министр доллар бағамы туралы: "Нақты шараларға сүйенеміз"
Фото: Арман Мухатов - архив

Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров доллар бағамы 545 теңгеге жетеді деген болжамға қатысты ойын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ведомство басшысы қаржыгерлер қауымдастығының болжамымен танысқанын айтады.

Шыны керек, пайым анық емес. Жалпы сөзбен геосаясатқа, төлем балансына және басқа макрокөрсеткіштерге сілтеме жасайды. Біздің негізгі көрсеткіштеріміз – экспорт деңгейі мен ішкі нарықтағы валюта сатылымы. Біз осыған ерекше назар аударып, жұмыс істейміз. Жақында Ұлттық банкпен бірқатар кездесу өткізіп, ішкі валюта нарығындағы жағдайды нығайту шараларын белгіледік. Бұл мәселеде үкімет Ұлттық банкке белсенді түрде көмек көрсететін болады, - дейді Нұрлан Байбазаров.

Министрдің айтуынша, инвестицияларға қатысты көптеген жоспар бар.

Келесі жылы негізгі инвестицияларды бюджеттен тыс жеке инвестициялар арқылы тартуды жоспарлап отырмыз. Олар негізінен шетелдік валюта түрінде болады. Сондай-ақ, ұлттық холдингтеріміз бен институттарымыз шетелдік валютада белсенді түрде қарыз алып, инвестиция салады. Бұл қаржының барлығы біздің валюта нарығы арқылы өтеді, - дейді Байбазаров.

Министр валюта бағамы нарықтық принциптерге, оның ішінде сұраныс пен ұсыныстың есебінен қалыптасатынын атап өтті.

Қараша айында Ұлттық банк нарыққа трансферттер мен валюта интервенциялары арқылы 2 миллиард доллардан астам қаржы ұсынды. Менің ойымша, бұл шаралардың барлығы валюта бағамын ұстап тұруға, девальвацияның жылдамдауына жол бермеуге көмектеседі. Біз негізінен қолға алынатын нақты шараларға сүйенеміз. Ал мұндай болжаммен (доллар бағамын) 600-ге дейін деп те айтуға болады, - деді министр.

Өзгелердің жаңалығы