Министр: БҰҰДБ қолдауымен Қазақстандағы COVID-19-дың экономикалық салдарына талдау жасалды

11 Қараша 2020, 21:35
1517
Бөлісу:
Министр: БҰҰДБ қолдауымен Қазақстандағы COVID-19-дың экономикалық салдарына талдау жасалды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстандағы Даму Бағдарламасының Тұрақты өкілі Якуп Беришпен келіссөздер жүргізді. 

Тараптар республикадағы әлеуметтік қорғансыздық пен теңсіздікті жою мақсатында ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін қарастырды.

Келіссөздер барысында ҚР Еңбекминінің басшысы мен БҰҰДБ Тұрақты өкілі COVID-19 пандемиясының халықтың әлеуметтік осал топтарына әлеуметтік-экономикалық әсерін бағалау нәтижелерін талқылады.

Бізді Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасымен көп жылғы ынтымақтастық байланыстырады. БҰҰДБ қолдауымен биыл Қазақстан Республикасындағы COVID-19 пандемиясының әлеуметтік және экономикалық салдарына бағалау жүргізілді. COVID-19-дың шағын және орта бизнес өкілдерінің, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың, табысы аз отбасылардың, мүгедектігі бар адамдардың, жұмыссыздардың, қарттардың және халықтың басқа да осал топтарының қызметіне әсеріне мұқият талдау жасалды. Зерттеуде мемлекеттік көмек шараларының, оның ішінде дағдарыстан кейінгі кезеңде тиімділігі мен икемділігін арттыру бойынша негізгі тұжырымдар мен ұсынымдар берілді, – деп атап өтті Біржан Нұрымбетов.

Министр БҰҰДБ Тұрақты өкілін төтенше жағдай мен карантиндік шаралардың енгізілуіне байланысты халыққа мемлекеттік қолдау көрсетілгені туралы хабардар етті.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қаражаты есебінен кірістерінен айырылған адамдарға ең төменгі жалақы (42 500 теңге) мөлшерінде ай сайынғы төлемдерді жүргізу тетігі жедел түрде әзірленіп, жүзеге асырылды. 4,6 млн адам төтенше жағдай және шектеу іс-шаралары кезеңінде жалпы сомасы 475,6 млрд теңгеге осындай төлемді алды, – деп хабарлады Біржан Нұрымбетов.

Ол сондай-ақ төтенше жағдай және шектеу іс-шаралары кезеңінде азаматтардың әлеуметтік осал санаттарын қолдау үшін бірқатар шаралар қабылданғанын жеткізді, атап айтқанда:

– биыл наурыз-мамыр, шілде, тамыз айларында 2 АЕК-тен кем емес (5 556 теңге) көлемде азық-түлік және тұрмыстық жиынтықтар сатып алуға көмек көрсетілді, бұл 1,1 млн-нан астам адамға қатысты болды, бюджеттен 25,6 млрд теңге бағытталды;

– атаулы әлеуметтік көмек алушыларға төлемдерді тағайындау 2020 жылдың екінші және үшінші тоқсандарында автоматты түрде ұзартылды. Бұдан басқа, АӘК тағайындауды 2020 жылдың 4 тоқсанына ұзарту бойынша жұмыс жүргізілуде. Бұл шара 130,1 мың отбасынан 663 мың адамға қатысты болады;

- мүгедектігі бар адамдар үшін мүгедектік мерзімін, жалпы еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін, кәсіптік еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін және мүгедектігі бар адамды оңалтудың жеке бағдарламасын қайта куәландырудың бұрын белгіленген күнінен бастап үш айға автоматты түрде ұзарту көзделген.

Сондай-ақ, тараптар БҰҰДБ-ның 2021-2025 жылдарға арналған жаңа Елдік бағдарламасы және 2021-2023 жылдарға арналған «Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін әлеуметтік қорғау және активациялау (белсенділік) бағдарламаларының тиімділігі мен қолжетімділігін арттыру» жаңа бірлескен жобасы шеңберіндегі ынтымақтастықтың басым бағыттарын талқылады.

БҰҰДБ Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен қол жеткізілген ынтымақтастық деңгейін жоғары бағалайды. Біз ел халқының, әсіресе қоғамның неғұрлым осал топтарының қажеттіліктері мемлекеттік саясат шеңберінде басым тәсілді қолдаймыз. Біз әлеуметтік қорғау, халықтың әлсіз топтарына қызмет көрсетуде цифрлық шешімдерді қолдау, сондай-ақ жастардың жұмысқа орналасумен байланысты қиындықтарға төзімділігін арттыру саласындағы бірлескен бастамаларымызды кеңейтуге үміттенеміз, – деді Якуп Бериш.

Естеріңізге сала кетейік, 2000-шы жылдардан бастап БҰҰДБ кедейлік деңгейін төмендетуге, арнаулы әлеуметтік қызметтер жүйесін құруға, халықтың осал топтарын әлеуметтік қолдаудың тиімді моделін әзірлеуге және мүмкіндіктері шектеулі адамдарға ерекше назар аудара отырып, жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге бағытталған стратегиялық құжаттар мен бағдарламаларды іске асыруда ҚР Еңбекминіне қолдау көрсетіп келеді.

Өзгелердің жаңалығы