Министр биыл жиналған астық сапасы туралы айтты

21 Қыркүйек 2021, 09:48
873
Бөлісу:
Министр биыл жиналған астық сапасы туралы айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарына барлығы 1,9 млн тонна астық түсті. Жаңа түсімнің сапасы жоғары. Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев мәлімдеді.

Жаңа түсімнен лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарына барлығы 1,9 млн тонна астық, оның ішінде 1,67 млн тонна бидай, 163,9 мың тонна арпа, 56,4 мың тонна өзге де дақылдар (сұлы, тары, қарақұмық, күріш) келіп түсті, - деп айтты министр.

Қарашөкеевтің мәліметінше, жаңа түсім астығының сапалық көрсеткіштері жоғары.

Мәселен, лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарына өткізілген жұмсақ бидайдың жалпы көлемінің 91%-ы 1-3 сыныптарға жатқызылды, ал 2020 жылы бұл көрсеткіш 83,8%-ды құраған болатын. Одан бөлек, 4-5 сыныпты және сыныпсыз бидай үлесі 2020 жылғы 16,2%-дан биыл 9%-ға дейін төмендеді, - деді ол Үкіметте.

Сонымен қатар астық қабылдау кәсіпорындарына келіп түсетін астықтың сапасы туралы деректерге сәйкес, құрамында дән маңызы (клейковина) жоғары бидай үлесінің айтарлықтай өскені байқалады.

Мәселен, 3-сыныпты жұмсақ бидай көлемінде әлемдік нарықта жоғары сұранысқа ие дән маңызы 28%-дан және одан жоғары болатын жоғары сапалы HI-Pro бидайы өткен жылғы 59,7%-ға қарағанда биылғы жылы 71,3%-ға дейін өсті, - деп баяндады АШМ басшысы.


Өзгелердің жаңалығы