Министр белгілі фототілшіні туған күнінде төсбелгімен марапаттады

9 Қаңтар 2023, 21:43
1309
Бөлісу:
Министр белгілі фототілшіні туған күнінде төсбелгімен марапаттады

Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қолына қалам ұстаған қауым арасында Советбек Мағзұмов ағамызды танымайтын адам жоқ шығар, сірә. Фотоаппаратын арқалап, талай іс-шараның ортасында болып, тарихты таспалап жүрген белгілі фототілшінің қажырлы қызметін жұртшылық жақсы біледі. Советбек ағамыз алғашқы еңбек жолын аудандық газетте тілші болып бастаған екен. Кейін ҚазМУ-дың журналистика факультетін бітіріп, «ТАСС-ҚазТАГ-тың» облыстардағы фототілшісі болды. «Социалистік Қазақстан», «Айқын» газеттерінде жемісті жұмыс істеді. Қазақ журналистикасының майталмандарымен тізе қосып, бірге еңбек етті, ел тарихының, тәуелсіздіктің фото шежіресін жасады, - деп жазды ведомство басшысы әлеуметтік желідегі парақшасында

Белгілі болғандай, елу жылдан астам уақыттан бері ақпарат айдынында біте қайнасқан фототілші мерейлі жасқа келген. 
Жарты ғасырдан астам ғұмырын журналистикаға арнаған ағамыз бүгінде мерейлі 75 жасқа толып отыр. Бір қызығы, Советбек ағамыз қанша марапат алса да, «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісін иеленбеген екен. Бүгін сол марапатты ағамызға табыстау сәті түсті. Советбек ағамыз кездесу кезінде емен-жарқын әңгіме айтып, қазақ журналистикасының шежіресінен сыр шертті. Тағылымды ойлар айтты. Әлі күнге дейін қолынан фотоаппараты түспеген абзал ағамызға зор денсаулық, ұзақ өмір тілейміз! - деді Дархан Қыдырәлі.

Өзгелердің жаңалығы