Тоқаев Бекет Махмұтовтың отбасына көңіл айтты

14 Сәуір 2020, 16:32
4620
Бөлісу:
Тоқаев Бекет Махмұтовтың отбасына көңіл айтты
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев белгілі спорт қайраткері, даңқты бапкер Бекет Махмұтовтың дүниеден өтуіне байланысты оның отбасына және жақын туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлады мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли.

Бекет Сапабекұлы ұзақ жылдар бойы елімізде спорт саласын өркендету жолында еселі еңбек етіп, құрметке бөленген еді. Әсіресе, қазақ спортын жоғары деңгейге көтерген білікті бапкер ретінде есімі ел тарихында қалатыны анық. Салмақты да сабырлы мінезімен өз ортасына сыйлы болды. Марқұмның жаны жәннатта, иманы саламат болсын, - делінген жеделхатта.

Соңында мемлекет басшысы оның есімі мен жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталатынына сенім білдірді.

Сонымен қатар, ҚР мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова да бапкердің отбасына көңіл айтты.

к1.jpg

Бүгін қайғылы хабар келіп жетті. Еліміздің спорт саласындағы ерекше беделді тұлға, майталман спортшы, жанашыр басшы Бекет Махмұтов өмірден озды. Бекет Сапабекұлы Әуесқой спорт федерациясын, Қазақстан дзюдо федерациясын басқарды, Әуесқой бокс халықаралық федерациясының (АИБА) вице-президенті, Қазақстан ҰОК вице-президенті, Дзюдодан Азия одағының вице-президенті қызметін атқарды, самбодан КСРО спорт шебері атағына ие болды, - деп жазды министр Facebook-тегі парақшасында.

к2.jpg

Оның сөзінше, Бекет аға еліміздің бокс және дзюдо спорт түрлерінің әлем аренасына шығуына, талай жеңістер мен жетістіктерге жетуіне зор үлес қосты. 

Ол дарынды боксшылардың бірқатар буынын тәрбиелеп, халықаралық деңгейге көтеруге атсалысты. Бекет Сапабекұлының есімі қазақстандық спорт тарихына ойып жазылды. Ақыл беретін жанашыр тұлға ретінде орны ойсырайтыны хақ. Бекет ағаның отбасы мен туыстарына көңіл айтып жеделхат жолдадым. Иманды болсын, - делінген Ақтоты Райымқұлованың көңіл айту жазбасында.
к3.jpg

Өзгелердің жаңалығы