Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мәлімдеді.
Оның атап өтуінше, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Ұлттық экономика министрлігі орталық мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, «Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру жөніндегі жедел іс-қимылдар жоспарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулысының жобасын әзірледі.
Жоспар қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қалпына келтіру, әлеуметтік және басқа да инфрақұрылымдар, әлеуметтік мәселелер, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу, халық пен кәсіпкерлікті қолдау және ұйымдастыру-қаржы мәселелері бойынша 51 іс-шарадан тұрады, -деді министр.
Қуантыровтың сөзінше, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті, әлеуметтік және басқа да инфрақұрылымды қалпына келтіру бағыты бойынша жоспарда 11 іс-шара көзделген.
Мемлекет басшысының күш құрылымдары қызметкерлерінің жауынгерлік әзірлігін арттыру және моральдық рухын қолдау, зақымдалған жылжымайтын мүлік объектілерін, сондай-ақ күш құрылымдарының, денсаулық сақтау, білім беру және коммуналдық шаруашылық салаларының материалдық-техникалық базасын қалпына келтіру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру көзделген.
Әлеуметтік мәселелер бағыты бойынша 10 іс-шараны іске асыру жоспарлануда.
Олар жарақат алған тиісті органдардың қызметкерлеріне өтемақы төлеуді, қаза тапқан осы органдар мен бейбіт азаматтардың отбасыларына көмек көрсетуді, бизнес пен халыққа борыш жүктемесін азайту шараларын, мұқтаж азаматтарға тұрғын үй көмегін көрсетудің жаңа тәртібі мен тетігін енгізуді қамтиды. Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу бағытында 15 іс-шараны іске асыру жоспарланған, -деді Ұлттық экономика министрі Ә. Қуантыров.