Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева «Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қорының президенті Қарлығаш Жаманқұловамен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Кездесу барысында жалған ақпараттың таралу қаупі және қоғамдағы ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге байланысты өзекті мәселелер талқыланды. Осыған байланысты министр Protenge телеграм-арнасына қатысты жағдайды түсіндірді.
«Protenge телеграм-арнасы СІМ «Азаттық радиосы» 36 тілшісіне аккредитация бермеді немесе ұзартпады» деген ақпарат жарияланды. Мұның себебі депутаттар көтерген «Масс медиа туралы» заң жобасындағы жаңа түзетулер болды. Бұл жалған ақпарат тарату фактісі.
Біріншіден, Парламент қабылдамаған және Мемлекет басшысы қол қоймаған заң жобасы негізінде мемлекеттік орган аккредиттеуден қалай бас тарта алады? Бұл айқын факт. Екіншіден, уәкілетті органдардың ресми ақпараты бойынша, аккредиттеуден бас тартудың себебі сол кездегі аккредиттеу ережелерінің бұзылғаны. Сонымен қатар, біз бұл мәселені медиациялық келісім арқылы реттеуді құптаймыз. Үшіншіден, өз құзыретіне сәйкес Мәдениет және ақпарат министрлігі құқықтық мониторингті тұрақты түрде жүргізіп келеді және құқық бұзушылықтардың барлық фактілері құқық қорғау органдарына жіберіледі. Жалған ақпарат таратуға байланысты фактілер бойынша тиісті пропорционалды шараларды одан әрі құқықтық бағалау және қабылдау Ішкі істер органдарының құзыретіне жататынын қайталаймын, - деп атап өтті Аида Балаева.
Кездесуге қатысушылар жалған ақпараттармен күресуде, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде бірлескен күш қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ жалған ақпарат таралуының алдын алу, маңызды оқиғаларды объективті жариялау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске жәрдемдесетін ресурстарды қолдау мәселесінде ынтымақтастықта жұмыс істеуге дайын екендіктерін білдірді.