Министр: Тұрғын саны 250 адамнан көп ауылдың бәрі 3G немесе 4G байланысымен қамтылады

24 Сәуір 2020, 22:53
1817
Бөлісу:
Министр: Тұрғын саны 250 адамнан көп ауылдың бәрі 3G немесе 4G байланысымен қамтылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев байланыс операторларының жүргізіп жатқан жұмыстарының барысы туралы есебін тыңдап, оларға жүктелген міндеттер мен ауылдарды жоғары жылдамдықты мобильді интернетке жоспарлы мерзімінен кешіктірмей қосу қажеттігін айтты.

 

Қазір еліміздің 4300-ден астам елдімекені жоғары жылдамдықты мобильді Интернетке қосылған. Осы жылдың соңына дейін тұрғын саны 250 адамнан көп ауылдардың бәрі 3G немесе 4G байланысымен қамтылуы тиіс. Осы орайда, сіздерден жұмыс қарқынын баяулатпауды сұраймын. Біз өз тарапымыздан ТЖ кезінде енгізілген шектеулерге байланысты мәселелерді шешуге көмектесуге дайынбыз, - деді байланыс операторларына Асқар Жұмағалиев.

 

Бүгінде елімізде қалалар мен ауылдарды қосқанда, барлығы 4 353 елдімекен мобильді интернетпен қамтылған. Бәрін қосқанда 600 мың адам өмір сүріп жатқан тағы 928 ауыл ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен "Кселл" АҚ, "Мобайл Телеком-сервис" ЖШС және "Кар-Тел" ЖШС компаниялары арасындағы меморандум шеңберінде 3G немесе 4G технологиялары бойынша жылдамдығы жоғары мобильді интернетке қосылуы тиіс. "Кар-Тел" ЖШС-нің берген ақпаратына сәйкес, жыл басталғалы 76 ауылға базалық станциялар салынған.

Сондай-ақ, елімізде шалғай ауылдарға талшықты-оптикалық байланыс желілерін тарту жобасы да жүзеге асырылуда. "Қазақтелеком "АҚ осы жобаны жүзеге асыру аясында жыл басталғалы 303 ауылға "оптика" жүргізген. Жыл соңына дейін қалған 463 ауылға желі тарту жоспарда бар. "Транстелеком" АҚ осы жылдың соңына дейін 161 ауылдағы "оптика" құрылысын аяқтауды жоспарлап отырғанын растады.

Төтенше жағдайлар режиміне байланысты енгізілетін шаралар операторларға және олардың мердігерлік ұйымдарына жұмыстарын жалғастыруға мүмкіндік берсе, олар өзіне алған міндеттемелерді жоспарға сай сапалы және мерзімінде орындауды көздеп отыр.

Осылайша, 2020 жылдың соңында жылдамдығы жоғары мобильді интернет 5 163 елдімекенде қолжетімді болады, ал 3G/4G байланысын 18 млн. адам пайдаланады деп жоспарлануда.

Өзгелердің жаңалығы