Міндетті медициналық сақтандыру халық үшін тиімді – денсаулық сақтау министрі

26 Шілде 2019, 13:00
2340
Бөлісу:
Міндетті медициналық сақтандыру халық үшін тиімді – денсаулық сақтау министрі
Фото: автордан

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Қазір біз тегін медициналық көмектің кепілдік берілген түрі бойынша жылына бір адамға 52,5 мың теңге бөліп отырмыз, енді сақтандырылған адам үшін жылына 92 мың теңге мемлекеттен бөлінетін болады. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Алматыда өткен дөңгелек үстел барысында айтты.

Министр жиын кезінде халық барынша медициналық қызмет түрлерімен қамтамасыз етілуі керектігін айта келе, бұған дейін жұртшылықтың барлығына тегін медициналық көмек көрсетіліп келгенін жеткізді.

«Өкінішке қарай соңғы жылдардағы тенденциялар халыққа медициналық қызмет көрсетуге бөлінетін мемлекеттік қаражаттың жетіспеушілігін көрсетті. Оған себеп демографиялық өсім, эпидемологиялық, онкологиялық және созылмалы ауру түрлерінің артуы. Осындай емдеу жүктемелерінің өсуі мемлекеттік бюджетті арттыруды қажет етеді. Денсаулық сақтаудың ұлттық санағы бойынша халық ақшасын қайда жұмсайды деген талдау жүргізді, 2017 жылғы есеп бойынша адамдар көбінде базалық медициналық және диагностикалық қызмет түрлеріне, дәрі-дәрмекке  жұмсайтындығы анықталған. Тағы бір бөлігі тіс емдеу, косметологияға жұмсайды. Осы себепті халықтың емделуге жұмсайтын шығындарын төмендетуге және жұртшылықты медициналық қызметпен жаппай қамту тұрғысында 2020 жылы жаңа модель енгізіледі. Яғни міндетті медициналық сақтандыру жүйесі іске асырылады. Дегенмен қазіргі Қазақстан экономикасының барлық халықты міндетті медициналық сақтандырумен қамтамасыз ете алмайтынын ескеріп, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген түрін сақтап қалдық. Ол Қазақстанда тұрып жатқан адамдардың барлығына қолжетімді», - дейді министр. 

Оның айтуынша, сақтандырылған азаматтар үшін қосымша медициналық қызметтер көрсетіледі. Ол кеңейтілген диагностикалық қызмет түрлері мен кеңес беру жұмыстары. Тегін дәрімен қамту, стационарлық көмек және кеңейтілген реабилитациялық қызмет түрлері. 

«Қазір біз тегін медициналық көмектің кепілдік берілген түрі бойынша жылына бір адамға 52,5 мың теңге бөліп отырмыз, енді сақтандырылған адам үшін жылына 92 мың теңге мемлекеттен бөлінетін болады. Яғни сақтандырылған адам Медициналық көмектің кепілдік берілген түрін де, міндетті сақтандыруда көрсетілетін қызмет түрлерін де пайдаланады. Сондықтан барлығымыз үшін халықты міндетті сақтандыруға тарту маңызды. Көптеген елдер бұл жүйеге  кезең-кезеңімен келді. Олар алғашында балалар мен мемлекеттік қызметкерлерді ғана міндетіт сақтандыруға тартты, сөйтіп кейін зейнеткерлер мен басқа топтағыларды ауыстырды. Қазақстан керісінше халықты барынша  міндетті сақтандыруға тартуда», - дейді Е. Біртанов.


Өзгелердің жаңалығы