Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіндегі өзгерістер

6 Қаңтар 2023, 12:21
1340
Бөлісу:
Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіндегі өзгерістер

2023 жылғы 1 қаңтардан бастап Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмысынан айырылған, еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу жағдайлары бойынша әлеуметтік төлемдер мөлшері ұлғайтылды, сондай-ақ бала күтімі бойынша төлемдер кезеңі ұзартылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру шеңберінде жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемді есептеу үшін қолданылатын табысты алмастыру коэффициенті 40% - дан 45% - ға дейін ұлғайтылды. 2023 жылы 117 мыңға жуық азаматқа жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем орта есеппен 13% - ға өсіп, арттырылған мөлшерде тағайындалады деп күтілуде, - деп жазды Еңбек министрлігінің баспасөз қызметі.

Сондай-ақ бала күтімі бойынша әлеуметтік төлемді жүзеге асыру ұзақтығы 1 жастан 1,5 жасқа дейін ұзартылды. Биыл бұл төлем 500 мыңнан астам ата-анаға тағайындалуы жоспарлануда.

Бұдан бөлек, еңбекке қабілеттілігінен айырылған 78 мың адамға және асыраушысынан айырылған 55 мың отбасыға базалық мемлекеттік жәрдемақыларға қосымша тағайындалатын әлеуметтік төлемдердің мөлшері 8,5% - ға артты.

Осылайша, жұмыс істейтін азаматтарды әлеуметтік қамсыздандыру жұмыс істемейтіндерге қарағанда жоғары болмақ.

Өзгелердің жаңалығы