Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Микро және шағын бизнеске "таза парақ" қағидаты енгізіледі

Бүгiн, 08:38
190
Бөлісу:
 freepik
Фото: freepik

Қазақстан Үкіметі экономиканы және кәсіпкерлікті қолдау мақсатында микро және шағын бизнес субъектілеріне қатысты салықтық әкімшілендіруді жеңілдету туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

2025 жылғы 17 желтоқсанда қабылданған шешімге сәйкес микро және шағын бизнес субъектілерін тарату және қызметін тоқтату қағидалары, сондай-ақ 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша қалыптасқан және 1 сәуірге дейін өтелген салық берешегі бойынша өсімпұлдар мен айыппұлдарды есептен шығару тәртібі бекітіледі. Бұған ҚҚС бойынша тіркеуге уақытында тұрмағаны үшін салынған айыппұлдар да кіреді.

Аталған құжат жобалары 2026 жылғы 12 қаңтарда «Ашық НҚА» порталында қоғамдық талқылауға шығарылып, ақпан айының басында күшіне енеді деп жоспарланған.

Сонымен қатар микро және шағын бизнеске қатысты бірқатар ұйымдастырушылық және жедел шаралар енгізіледі. Атап айтқанда, 2025 жылғы 17 желтоқсанға дейін тапсырылған және 2026 жылғы 1 қаңтарға дейінгі салық кезеңдеріне қатысты есептіліктер бойынша камералдық бақылау жүргізілмейді. Бұл шектеу салықтық тәуекелдерді азайту мақсатында енгізілді.

2026 жылғы 1 қаңтарға дейінгі салық кезеңдері үшін жоспарлы салықтық тексерулер де тоқтатылады. Алайда қылмыстық іс жүргізу аясындағы, прокуратура талаптарына байланысты немесе салық төлеушінің өз өтініші бойынша жүргізілетін тексерулер бұл шектеуге кірмейді.

Сондай-ақ микро және шағын кәсіпкерлік субъектілерінің 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін жасаған мәмілелерін жарамсыз деп тану туралы сот талап-арыздарын беру уақытша тоқтатылады. Құқық қорғау органдарының материалдары негізінде қозғалған істер бұл тізімге кірмейді.

2026 жылдан бастап ҚҚС бойынша тіркеуге тұрмағаны, салықтық есептілікті уақытында тапсырмағаны үшін микро және шағын бизнеске қатысты әкімшілік істер қозғау да тоқтатылады.

Үкіметтің мәліметінше, «таза парақ» тәсілінің негізгі мақсаты – кәсіпкерлерге түсетін әкімшілік және фискалдық жүктемені азайту, шағын бизнесті қолдау және салықтық реформаларға бейімделуіне жағдай жасау.

Сонымен қатар Премьер-Министр Олжас Бектеновтің тапсырмасына сәйкес, Қаржы министрлігі 2026 жыл бойы микро және шағын бизнеске өсімпұлдар мен айыппұлдарды есептемеу мәселесін қосымша пысықтап жатыр.

Өзгелердің жаңалығы