Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Екі күн бұрын Қазақстан орындаушылар одағының басқарма төрағасы болып сайланған Мейрамбек Бесбаев instagram парақшасында Зағипа Балиеваға хат жолдап, әншілердің ісіне араласпауды сұрады.
Әнішінің жазуынша одақтың бұрынғы басшылығы жаңа басшылыққа қоқаң-лоққы жасап, әртүрлі жағымсыз әрекеттер арқылы қарсылық көрсетуде.
Бесбаев бұрынғы басшылықтың артында Зағипа Балиева мен оның ұлы тұрғанын жазды.
Дауыс беруге ұйымның ең жоғарғы басқару органы — құрылтайшылардың жалпы жиыны жасақтаған басқарма мүшелерінің барлығы қатысты. Сайлау өткізуге қажетті кворум болды. Барлық регламент пен заңдылық толықтай сақталды. Хаттама толтырылып, мені бас директор қызметіне кірісуім туралы бұйрық та шығып қойды. Енді келіп, бұрынғы басшылық жаңа басшылыққа қарсы қоқаң-лоққы көрсетіп, әртүрлі жағымсыз әрекеттер арқылы қарсылық көрсетуде. Бұрынғы басшылықтың артында Сіздің ұлыңыз және өзіңіз тұр екенсіз, - деп жазды одақтың жаңа төрағасы.
Сонымен қатар, ол әншілерге тиесілі қаржыға жағаласпауын өтінді.
Сіз заңды түрде сайланған маған, басқарма мүшелеріне қысым көрсетіп, әртүрлі мемлекеттік және құқық қорғау органдарына телефон шалып жатыр екенсіз. Мұныңыз мүлде дұрыс емес деп білеміз! Неге сіз әншілердің шаруасына араласып, алашапқын боп жатырсыз?! Біз соны түсінбей отырмыз. Бұл әрекет-қылығыңыз сіздей үлкен мемлекет қайраткеріне жараспайтын шаруа. Әншілерге тиесілі ақшаға тек сіздің балаңыз иелік ету керек деген ой сізге қайдан келген?! Біз өз шаруамызды өзіміз шешуіміз керек, өзімізге тиесілі қаражатты өзіміз тиісінше жұмсауымыз қажет. Еңбектен түскен қаражат бір қалтаға, нақтырақ айтқанда сіздің балаңызға емес, мың қалтаға яғни маңдай терімен тауып жүрген әншілер мен ән өндеушілердің қалтасына түсу керек. Сізден осындай әрекеттеріңізді тоқтатуды талап етеміз!, - деп жазды әнші.