Мейірім шуағы: 11 балаға жарқын жол ашқан ананың өмірі

Ана мейірімі күннен де шуақты. Туған перзентінен кем көрмей, бірнеше баланы бауырына басқан ауылдағы ардақты ана бейнесі көпке үлгі

 freepik Бүгiн 2026, 01:14
Бүгiн 2026, 01:14
143
Фото: freepik

Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Бірлесу-Еңбек ауылының тұрғыны Ләззат Еспенбетова өз балаларына қоса бірнеше баланы бауырына басып, бақытты болашаққа қадам бастырды. BAQ.KZ тілшісі алыс ауылдағы алтын құрсақты ана тілегін тыңдап қайтты.

Қазақ халқы үшін ана – тек отбасының тірегі ғана емес, ұлттың ұйытқысы, шаңырақтың шамшырағы, береке мен бірліктің бастауы. Ана жүрегінің жылуы мен мейірімінің шексіздігі талай тағдырға сәуле шашып, адамға өмірдің мәнін түсіндіріп, бақытқа бастайтын жол көрсетеді. Осындай асыл аналардың бірі – Бірлесу-Еңбек ауылының өнегелі тұрғыны, көпбалалы ана Ләззат Еспенбетова. Оның өмірі – шынайы мейірім мен махаббаттың, адалдық пен жауапкершіліктің үлгісі, қоғамға үлгі боларлық өмір жолы.

Абжапаровтар отбасы – тек өз балаларын ғана емес, тағдыр тәлкегіне түскен жетім балаларға да қамқорлық көрсетіп отырған үлгілі шаңырақ. 23 жыл бойы тату-тәтті өмір сүріп келе жатқан бұл отбасы 3 қыз бен 1 ұл өсірді. Бірақ олар тек өз отбасымен шектелмей, балалар үйінен тағы 7 баланы бауырына басып, шынайы мейірім мен махаббаттың шексіз үлгісін көрсетті. Бұл – нағыз жүректен шыққан шешім, үлкен жауапкершілік пен шыдамдылықты қажет ететін іс.

Ләззат ханымның айтуынша, балаларға қамқор болу – жүректен шыққан ниет.

Бұл шешім жүректен туды. Әр бала махаббат пен жылулыққа лайық. Өзімнің балам бар, бірақ жетім балалардың көзіндегі мұңды көргенде бейжай қала алмадым. Сол сәтте ойладым: "Мен бір балаға болса да ана бола аламын". Кейін бұл ниетім мені үлкен жауапкершілік арқалатып, ары қарай іздене түсуіме түрткі болды. Бұл қадам бастапқыда оңай болған жоқ, – дейді ол.

Жаңа ортаға келген балалар әуел баста сенімсіздік танытады. Олар қорқыныш пен күмәнді жиі сезінеді, өзін бөтен ортада еркін ұстауды қиын көреді. Ләззат ханым әр балаға сабырмен, мейіріммен жақындайды, оларға өздері ыңғай білдіргенше барынша уақыт береді, баламен бала боп бірге ойнап, сөйлеседі, әр күн сайын кішкентайдан бастап өзі қадам жасайды. Бірте-бірте балалар да ашыла бастайды, аналық махаббатты, жылуды сезініп, өздерін жаңа ортада қауіпсіз сезінеді. Бұл процесс оңай емес, бірақ әр қадам – екі жақ – ана мен бала үшін өмірлік сабақ.

Мына бір жағдайды үнемі есімде ұстаймын. Алғашында бала мені қабылдамады, сенімсіз болды. Бірақ әр күн сайын біз бірге аз-аздан қадам жасап жүрдік. Жиірек сөйлестік, бірге ойнадық, бір-бірімізге үйрендік. Сол сәт мен үшін үлкен өмірлік сабақ болды. Адамға тек уақыт пен мейірім керек екенін ұқтым. Махаббат, жылулық, адамға деген қамқорлық бәрін жеңеді екен.

Бұл отбасының басты ерекшелігі – тек материалдық қамқорлық көрсетіп қана қоймай, рухани тәрбиеге де мән беруінде. Үйдегі әрбір бала ата-анасының мейірімінен, бір-біріне деген сыйластық пен қамқорлықтан өмірлік сабақ алады. Ләззат ханым балаларды адалдыққа, сыйластыққа, еңбекқорлыққа, мейірімділікке үйретіп, алғыс сөздер, ықылас білдіру, қолдау сөздерін үйретуден жалықпай келеді.

Балалар тек айтқанды емес, көзбен көргенді қайталайды, яғни көңілге солай түйеді. Сол себепті әр ісіммен үлгі болуға тырысамын. Сабырлы болуға, ақылмен сөйлеуге үйретемін. Ең алдымен балалар өздерін қауіпсіз сезінуі керек, әрбір бала өзін бағалы сезінуі тиіс.

Барлық отбасындағы сияқты, түсінбеушілік, қиындық әр отбасында болады. Ләззат ханым мұндай жағдайларды өмірдің табиғи бөлігі екенін айтады. Бірақ балалардың күлкісі, бір-біріне деген қамқорлығы барлық қиындықты жеңілдетеді. Үйдегі бірлік пен татулық – отбасының тірегі, ал балалардың бір-біріне деген мейірімі мен қамқорлығы – оның ең үлкен жетістігі.

Ләззат ханым әр баланың жанын түсініп, әрқайсысының қажеттілігін сезінеді. Оның ойынша, ананың ең басты міндеті – әр баланың өзіне сенімді, бақытты және мейірімді адам болып өсуіне жағдай жасау.

Балалар үшін әр күн – жаңа тәжірибе. Олар тек тамақ пен киім алып қана қоймай, рухани тәрбиенің қайнарынан сусындап өседі. Үйдегі бірлік, ата-ананың қамқорлығы, бір-біріне деген махаббат – балаларға өмірдің мәнін түсінуге мүмкіндік береді. Ләззат ханым балаларды өмірге дайындап, адалдық пен мейірімділікке үйретеді.

Қиындықсыз ештеңе болмайды. Бірақ махаббат бар жерде бәрін жеңуге болады. Балалардың күлкісі менің ең үлкен қуанышым, – дейді ол.

Ләззат Еспенбетова үшін әр бала – Алланың аманаты. Оның аналық махаббаты талай баланың тағдырын өзгертті. Балалар ананың құшағында өздерін қуанышты сезініп, өмірге деген сеніммен қарайды. Ол үшін әр жетім бала, әр мұқтаж бала – жүрегінің бір бөлшегі.

Мүмкіндігі бар адамдар жетім балаларға қолдау көрсетсе деймін. Бұл үлкен сауапты іс. Әр бала мейірім мен жылулыққа лайық. Кішкентай ғана мейірім үлкен тағдырды өзгерте алады, – дейді көпбалалы ана.

Балалардың шат күлкісі, үйдегі жылылық, ата-ананың мейірімді жүзі – осындай шаңырақтың берекесін көрсетеді. Ләззат Еспенбетова мен Абжапаровтар отбасы – нағыз үлгі тұтарлық адамдар. Олардың өмірі – адамгершілік пен мейірімділіктің айқын көрінісі. Осындай шаңырақтар көбейген сайын, қоғам да ізгіленеді, ал келер ұрпаққа қалатын асыл мұра артады.

Ләззат ханым тек отбасында ғана емес, қоғамда да үлгі көрсетеді. Ол үшін бала – болашық. Оның аналық мейірімі – қоғамдағы болашақ ұрпақты тәрбиелеп отырған негізгі күш.

Әр адам өз шамасына қарай көмектесе алады. Біреу – уақытын, біреу – мейірімін, біреу қолдауын береді. Осындай игі істер көбейсе, қоғам да мейірімді болады. Жақсылық жасау – адамның адамшылық міндеті, – дейді ол.

Балалардың өмірге деген сенімі, өздерін қауіпсіз сезінуі, мейірім мен махаббатқа үйренуі – Ләззат ханым мен Абжапаровтар отбасының ең үлкен жетістігі. Бұл отбасы тек өз ортасында ғана емес, бүкіл қоғамға үлгі болып отыр.

Ләззат Еспенбетова мен Абжапаровтар отбасы – шын мәнінде адамгершілік пен мейірімділіктің символы. Осындай аналар мен отбасылар барда, қоғамда үміт оты сөнбейді. Балалар ертеңгі күні еліміздің мақтанышы болады, ал олардың жүректерінде ананың мейірім мәңгі сақталады.

Наверх