Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Мейіргүл Жетпісбаева: Квотасыз сайлау – демократияға қадам

Олжас АДАЙ
Бүгiн, 16:52
175
Бөлісу:
 Ақорданың баспасөз қызметі
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында айтқан бастамалар елдің саяси жүйесін сапалық жаңа деңгейге көтеруге бағытталған. Бұл туралы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ аға оқытушысы, филология ғылымдарының докторы Мейіргүл Жетпісбаева пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мейіргүл Жетпісбаеваның айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында сөйлеген сөзі еліміздің саяси жүйесін түбегейлі трансформациялаудың жаңа бағдаршамына айналды.

Мейіргүл Жетпісбаева: Квотасыз сайлау – демократияға қадам
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Сарапшының сөзінше, бұл баяндама жай ғана өзгерістер емес, Қазақстанның мемлекеттік құрылымының сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтерілуін айқындап берді.

Реформаның өзегі – Парламенттің рөлін күшейту және оны халықтық биліктің шынайы институтына айналдыру. Бір палаталы Парламентке көшу және оны халқымыздың төл тарихындағы қастерлі ұғым – Құрылтай деп атау туралы ұсыныс билік пен қоғамның арасындағы алтын көпірді қайта қалпына келтіреді, – дейді Мейіргүл Жетпісбаева.

Бұл реформа Парламенттің заң шығару қызметін де түбегейлі өзгертеді.

Ендігі жерде заң жобалары үш кезеңнен тұратын жаңа процедурамен, яғни алдымен жалпы мақұлдау, сосын өзгерістерді бекіту және соңғы кезеңде қабылдау арқылы өтпек. Мұндай тәсіл қабылданатын заңдардың сапасын арттырып, әрбір норманың жан-жақты сарапталуын қамтамасыз етеді, – дейді сарапшы.

Мейіргүл Жетпісбаеваның пікірінше, Парламент қызметін қайта құру арқылы мемлекеттің институционалдық тұғыры нығайып, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатына негізделген орнықты саяси жүйе толыққанды қалыптасады.

Сарапшы Парламенттік реформаның тағы бір маңызды қыры депутаттық корпустың жасақталу принципіне қатысты екенін атап өтті.

Президенттің өз квотасынан және Қазақстан халқы Ассамблеясының арнайы квотасынан бас тартуы мемлекетті демократияландыру жолындағы теңдессіз ерік-жігердің көрінісі. Ендігі кезекте депутаттар тек қана бәсекелестік негізде, ортақ тәртіппен сайланады, – дейді ол.

Оның сөзінше, мандат санының 145-ке дейін оңтайлануы мен комитеттер санының сегізден аспауы Парламенттің кәсібилігі мен жеделдігін арттыруға бағытталған нақты қадам болып отыр.

Реформа заң шығарушы органға Конституциялық сот, Жоғары аудиторлық палата мен Орталық сайлау комиссиясы мүшелерін тағайындау, сондай-ақ Жоғарғы сот судьяларын сайлау секілді маңызды бақылау құзыреттерін береді. Бұл «тепе-теңдік пен тежемелік» жүйесін нақты іске қосады, – дейді Мейіргүл Жетпісбаева.

Сонымен қатар ол Вице-президент институтының енгізілуі мен Қазақстанның Халық Кеңесінің құрылуы билік иерархиясын тұрақтандырып, халық пен билік арасындағы диалогтың жаңа алаңына айналатынын айтты.

Президенттің билік басына келудің тек заңды сайлау арқылы жүзеге асуы тиіс деген ұстанымы, яғни Мемлекет басшысы қызметінен мерзімінен бұрын кеткен жағдайда екі ай ішінде сайлау өткізу нормасын Ата заңда бекіту – мемлекеттің болашақ қауіпсіздігі мен саяси сабақтастығының кепілі, – дейді ол.

Сарапшы бұл реформалар жиынтығы жаңа Конституция қабылдаумен пара-пар қадам екенін айтады.

Біз Әділетті Қазақстанның іргетасын бірге қалап, мемлекеттіліктің жаңа деңгейіне қадам басып отырмыз. Сондықтан бұл стратегиялық бастамалардың ел игілігіне қызмет ететініне кәміл сенемін, – дейді Мейіргүл Жетпісбаева.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы жаңа Парламентте Қазақстан халқы Ассамблеясының квотасы болмайтынын мәлімдеді.

Сондай-ақ Ұлттық құрылтайда Президент Парламентке «Құрылтай» атауын беру жөнінде ұсыныс білдірген болатын.

Өзгелердің жаңалығы