20 шілде Қазақстанда металлургия саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Бұл күн ел экономикасының тірегі саналатын ауыр өнеркәсіп өкілдеріне деген құрметтің белгісі. Металлургтер өндіріс қуатын арттырып, индустриялық дамуға өлшеусіз үлес қосып келе жатқан білікті мамандар. Сол жандардың бірі инженер Нұргүл Сағындықова, деп хабарайды BAQ.KZ тілшісі.
– Металлург мамандығын таңдауға не себеп болды?
– Металлургия саласы өндірістің негізі ғой. Темір, болат, алюминий сияқты металдардың өндірілуі барлық саланың негізін құрайды. Мектеп бітірген соң тапжылмай осы мамандықты таңдап,жоғарғы оқу орнына түстім. Бес жыл оқып,қазір инженер болып қызмет атқарамын. Бұрынғы және қазіргі өндіріс процесін э салыстырғанда қандай негізгі өзгерістерді байқайсыз?
Қазіргі өндіріс процесінде айтарлықтай айырмашылықтар бар. Қазір технология дамып жатыр. Өндірістегі жабдықтар мен құрал-жабдықтар жаңартылып,автоматтандырылған жүйелер енгізілуде. Бұрын қол еңбегіне негізделген процестер қазір цифрлық бақылау арқылы жүзеге асады. Бұл өнім сапасын арттырып, жұмыс қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.Сонымен қатар, мамандарда білікті. Қазіргі металлургтер – тек жұмысшы емес, техниканы, процесті жақсы түсінетін, цифрлық дағдылары бар заманауи мамандар. Жастар жаңа білім алып, заманауи техниканы игеріп, өндірісті жаңа деңгейге көтеруде. Жаңарған өндіріс – бұл тек техниканың өзгерісі емес, бұл – ойлау жүйесінің, жұмыс тәсілінің, көзқарастың өзгеруі. Сондықтан бүгінгі күннің металлургиясы кешегімен салыстырғанда анағұрлым тиімді, қауіпсіз және интеллектуалды.
– Қазіргі жастар бұл салаға қызыға ма? Ұрпақ сабақтастығы қалай?
- Жастардың өндіріске деген қызығушылығы жаман емес. Керісінше, оқып, ізденіп,жаңалыққа құмар жастардың саны артуда. Жоғары оқу орындарынан білім алып, тәжірибеден өтіп, нақты өндірістік ортада шыңдалып жатқан жас мамандар аз емес. Олар тек біліммен ғана шектеліп қалмай, үнемі кәсіби дамуға ұмтылады. Заманауи технологияны тез меңгеріп, өндірісте тиімділікті арттыруға өз үлестерін қосып жатыр. Біздің ҚарМет комбинатында да осындай үлгілі жастар бар. Айта кетерлік жайт, комбинатымызда «семейная династия», яғни бір әулеттен бірнеше буын металлург болып жұмыс істейтін дәстүрлі отбасылар көп. Бұл кәсіпке деген адалдықтың, еңбекке деген құрметтің, әрі тәжірибе мен білімнің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуының жарқын көрінісі. Осындай отбасылардан шыққан жастар нағыз өнеге деп айтар едім.
- Сіздің орныңызға жас маман келсе, қандай кеңес берер едіңіз?
- Ең бастысы адалдық, еңбекқорлық және үйренуден жалықпа, Сонда ғана сен өз жолыңды бұл салада табасың дер едім.
- Қазақстан үшін металлургия саласының маңызын қалай сипаттайсыз?
- Металлургия Қазақстан үшін тек өндірістік саласы ғана емес, ол – ел тәуелсіздігі мен экономикалық қауіпсіздігінің негіздерінің бірі. Қазба байлықты тиімді игеру, терең өңдеу арқылы сапалы өнім шығару және халықаралық нарыққа шығу еліміздің стратегиялық мақсаты. Сондықтан бұл саланың дамуына мемлекет тарапынан да, қоғам тарапынан да қолдау қажет деп санаймын.
- Рахмет!