Италияның реттеуші органы Meta компаниясына Facebook әлеуметтік желісі Android құрылғыларын пайдаланушылардың фотосуреттері мен бейнежазбаларына олардың келісімінсіз қол жеткізгені үшін 805 миллион еуро айыппұл салды.
Ведомствоның жазбаша мәлімдемесіне сәйкес, айыппұл Meta компаниясының Ирландиядағы бөлімшесіне салынған. Сонымен қатар реттеуші орган фотосуреттер мен бейнежазбаларға арнайы рұқсатсыз қол жеткізуге мүмкіндік беретін функцияны 60 күн ішінде өшіруді міндеттеді.
Мұндай шешімге Facebook қосымшасының Италиядағы Android смартфондарын пайдаланушылардың құрылғыларында сақталған фотосуреттерге, бейнежазбаларға және оларға қатысты деректерге арнайы келісімсіз әрі тиісті ақпараттандырусыз қол жеткізгені себеп болған.
Әңгіме 2023 жылы іске қосылған «Facebook қолданған кезде галереядан ұсыныстар алу» функциясы туралы болып отыр.
Бұл функцияға қатысты тергеу 2025 жылдың шілдесінде Больцано қаласындағы тұтынушылардың құқықтарын қорғау орталығының шағымынан кейін басталған.
Айыппұл көлемін белгілеу кезінде реттеуші орган бірнеше факторды ескерген. Атап айтқанда, Италияда Android жүйесін пайдаланатын шамамен 20 миллион адамның болуы, заңбұзушылықтың ұзақтығы, компанияға 2019 жылы берілген бұрынғы нұсқама және тергеу барысында ведомствомен жеткілікті деңгейде ынтымақтаспау жағдайлары назарға алынған.
Мәлімдемеге сәйкес, айыппұл көлемі тиісті компаниялар тобының әлемдік айналымының шамамен 0,47 пайызына тең.