«Мерейлі отбасы-2024» ұлттық байқауының жеңімпазы — Нұрбаевтар отбасы мүшелері референдум күні Ақтөбе қаласындағы №78 учаскеде дауыс берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Нұрбаевтар отбасынан әулет иесі Қыдырбай Нұрбаев пен оның зайыбы Лиза Нәкенқызы, баласы мен келіні Сағыныш пен Алмира, үлкен қызы Мейрамгүл және немересі Назарке қаланың Көктем тұрғын алабындағы №50 орта мектепте орналасқан №78 референдум учаскесіне барып, өз таңдауларын жасады.
Саналы ғұмырын ауыл шаруашылығы саласына арнаған қарапайым еңбек ардагерлері Қыдырбай мен Лиза Нұрбаевтардың шаңырақ көтергеніне биыл 50 жыл толды.
Осындай саяси науқандардан бір рет те қалып көрмеппін. Референдумға отбасыммен келіп, дауыс бердік. Бұл — еліміздің дамуы үшін жасалып жатқан маңызды қадам. Сондықтан әрбір адам өзінің азаматтық парызын орындауға тиіс. Ұл-қыздарыма, немере-жиендеріме мұндай іс-шарадан қалмауды, ерте тұрып, дауыс беруге баруды үнемі айтамын, — деді бүгінде жасы жетпістен асқан Қыдырбай ақсақал.
Мұғалжар ауданының бұрынғы Родник, қазіргі Егіндібұлақ селолық округінде қырық жыл мал дәрігері болған Қыдырбай Нұрбаев пен оның зайыбы, ауруханада аспаз болған Лиза Нәкенқызы төрт бала тәрбиелеп өсірді. Биыл бұл отбасы «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының республикалық кезеңінің лауреаты атанып, Астана қаласында қорытындыланған байқаудың салтанатты іс-шарасында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның қолынан арнайы диплом мен сертификатқа ие болды. Қос қария қазір ұл-қыздарынан тараған 12 немере-жиеннің тәрбиесімен айналысып отыр.
Ақтөбе қаласындағы №78 референдум учаскесіне 2708 адам тіркелген. Соның 13-і денсаулығына байланысты үйден дауыс береді. Аталған референдум учаскесінің төрағасы Мирамкүл Құдайбергенова Нұрбаевтар әулетіне өз ризашылығын білдіріп, естелік суретке түсті.