Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қоғамдық тәртіпті сақтау, әуе және темір жол көлігі нысандарында қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаментінің жеке құрамы қызмет көрсетудің күшейтілген нысанына көшірілді.
Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Жасұлан Байкенов, көлік полицейлерінің басты міндеттерінің бірі қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдау екенін айтты.
Шынында да, мереке күндері жолаушылар ағыны еселеп артады. Өз кезегімізде, біз азаматтарға қауіпсіз әрі жайлы жағдай жасау үшін барлық шараларды қамтамасыз ететін боламыз, - дейді полиция подполковнигі.
Ж. Байкеновтың айтуынша, жаңа жыл мерекесі кезінде адамдар көп шоғырланатын нысандарда, атап айтқанда жолаушылар поездарында, вокзалдар мен перрондарда құқық бұзушылық жасауға бейім тұлғаларды анықтау және жолын кесу бойынша жедел-алдын алу іс-шаралары жүргізілмек.
Сондай-ақ азаматтардың қылмыстар мен оларға қатысты оқиғалар туралы өтініштеріне жедел ден қою үшін Департаменттің кезекші бөлімдері мен оның желілік бөліністерінің жанынан қосымша жедел-тергеу топтары құрылды. Бұдан басқа, біздің қызметкерлер келу және кету уақытында, олардың жүру жолында халықаралық, республикалық маңыздағы жолаушылар поездарына ілесіп жүреді. Еліміздің барлық әуежайлары мен теміржол вокзалдарында кинологиялық қызмет орталығының мамандары қызметтік-іздестіру иттерімен патрульдеуге шығады - деді ол.
Көлік сақшылары жаңа жыл мерекесінде кезекті рет азаматтардың жеке мүліктерін сақтап қалу, сақ болу және жүкті шамалы уақытқа болсын қараусыз қалдырмау керектігін ескертеді.
Егер Сізге қатысты құқық бұзушылық жасалған болса, бұл фактілер туралы дереу Көліктегі полиция департаментінің кезекші бөліміне 943262 телефоны бойынша немесе «102» телефоны арқылы хабарлаңыз. Еске сақтаңыз, жасалған құқықбұзушылық туралы полицейлерге бірден хабарлассаңыз, орын алған қылмыстың «ізін суытпай ашуға» мүмкіндік артады – дейді маман.