Алдағы күндері ел аумағында ауа райының тұрақсыз болуы күтіледі. Бұл туралы Көлік министрлігі мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жаңа жыл мерекелері кезеңінде, 30 желтоқсан мен 4 қаңтар аралығында Қазақстан Республикасының аумағында ауа райының тұрақсыз болуы күтіледі. Бірқатар өңірлерде қар жаууы, боран, тұман, көктайғақ және ауа температурасының күрт өзгеруі болжануда. Бұл, әсіресе, республикалық маңызы бар автомобиль жолдарындағы қозғалыс қауіпсіздігіне кері әсер етуі мүмкін, - деп жазылған министрлік хабарламасында.
Сондай-ақ, ең күрделі жол жағдайы елдің солтүстік, орталық және батыс өңірлерінде күтілетіні хабарланды. Аталған аймақтарда қар құрсауы, көріну қашықтығының төмендеуі және жолдарда мұз қабатының пайда болуы ықтимал.
Ал оңтүстік өңірлерде түнгі және таңғы уақыттарда көктайғақтың түзілуімен қатар жаңбыр мен сулы қар жаууы мүмкін. Осыған байланысты жол қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеуде.
Мереке күндері республикалық маңызы бар автожолдарда 1700-ден астам арнайы техника мен шамамен 2500 қызметкер жұмылдырылады. Жол жағдайына тәулік бойы мониторинг жүргізіліп, жауапты кезекшілер бекітілген. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясында 1403 нөмірі арқылы тәулік бойы жұмыс істейтін колл-орталық қызмет көрсетеді. Бұл нөмірге хабарласу арқылы азаматтар автожолдардың жай-күйі мен қозғалысқа енгізілген шектеулер туралы өзекті ақпарат алып, қажет болған жағдайда көмекке жүгіне алады. Азаматтарға жолға шығар алдында бағытты алдын ала жоспарлап, ауа райы жағдайын ескеріп, жол ахуалын нақтылау ұсынылады. Қолайсыз ауа райы кезінде балама қозғалыс түрлерін, оның ішінде теміржол көлігін пайдалану ұсынылады. Жүргізушілерді жылдамдық режимін сақтауға, қауіпсіз арақашықтықты ұстануға және жолда барынша мұқият болуға шақырамыз. Азаматтардың қауіпсіздігі басты басымдық болып қала береді., - деп кеңес береді Көлік министрлігінің баспасөз қызметі.
Еске салайық, бұған дейін синоптиктер де жаңа жылда ауа райы қандай болатынын болжаған еді.